Алматыда 12 қыркүйек сағат 23:00-ден бастап 14 қыркүйек сағат 05:00-ге дейін Жандосов көшесінде құбыр мен кәріз жүйесін жүргізуге байланысты автокөлік қозғалысы уақытша шектеледі.
Бұл туралы қалалық энергетика және су шаруашылығы басқармасы хабарлап отыр.
Қозғалыс төмендегі учаскелерде шектеледі:
- Жандосов – Дәулеткерей көшелерінің қиылысы (400 мм құбыр желісі, 1000 мм қаптама диаметрі);
- Жандосов – Дәулеткерей көшелерінің қиылысы (325 мм құбыр желісі, 1000 мм қаптама диаметрі);
- Жандосов – Айманов көшелерінің қиылысы (325 мм құбыр желісі, 1000 мм қаптама диаметрі);
- Жандосов – Бекешев көшелерінің қиылысы (325 мм құбыр желісі, 1000 мм қаптама диаметрі).
Бұл аумақтар екі ірі инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыруға байланысты шектеліп отыр:
- «Алматы қаласында Батыс кәріз коллекторын салу» – жалпы ұзындығы 34,9 шақырымдық магистральды кәріз коллекторы салынады. Жоба Наурызбай және Алатау аудандарының 175 мыңнан астам тұрғынын, сондай-ақ Алматы облысының Қарасай және Іле аудандарының шамамен 20 мың тұрғынын орталықтандырылған су бұру жүйесіне қосуға мүмкіндік береді.
- «Наурызбай ауданы Ақжар шағынауданында су және кәріз желілерін салу» – аумақтың инженерлік инфрақұрылымын жақсартуға, ауыз су беруді тұрақтандыруға және кәріз жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.
