Семейде кәріз құдығына түскен 2 жұмысшы есінен танып қалған

Семейде облыстық сот ғимараты маңында кәріз құдығына түсіп кеткен жылу электр орталығының үш қызметкерін полиция қызметкерлері аман алып шықты.

Бұл туралы облыстық ПД хабарлап отыр.

Оқиға кезінде олардың екеуі есінен танып қалған. Құтқару кезінде полиция аға сержанты Ерзат Баймулаев өз өміріне қауіп төнсе де, арнайы қызметтердің келуін күтпестен арқанмен байланып, газтұмылдырық киіп құдыққа түсті. Әріптестері оны сақтандырып тұрған. Нәтижесінде естен танған екі жұмысшы жер бетіне шығарылды.

Электриктің құлап жатқанын көрдім. Тағы екі адам барын білген соң, серіктесім газтұмылдырық әкелуімді сұрады. Жедел жәрдем келгенше ойланбастан ішке түсіп, оларды шығарып алдық, – деді аға сержант Ерзат Баймулаев.

Жедел жәрдем бригадасы жұмысшыларға алғашқы медициналық көмек көрсетті. Дәрігерлер олардың денсаулығына айтарлықтай зиян келмегенін анықтап, қызметкерлер жұмысқа қайта кірісті.

Облыстық жылу электр орталығы жылу желілерін жылыту маусымына дайындау жұмыстарының қалыпты режимде жалғасып жатқанын мәлімдеді.