БҚО-да президент жолдауын жүзеге асыру жолдары талқыланды

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауын іске асыру жөніндегі кеңес өтті.

Бұл туралы БҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Өңір басшысы жолдауда ел дамуының жаңа кезеңі — жоғары технологияға негізделген, өңдеуші өнеркәсіп пен инновацияға сүйенетін экономика екеніне тоқталды. Оның айтуынша, облыста инвестиция тарту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Өткен жылы инвестициялар көлемі 749,9 миллиард теңге болып, оның 72,6%-ы жеке қаражат есебінен жүзеге асқан. Алдағы бес жылда құны 2,2 триллион теңге болатын 73 ірі жоба іске қосылады.

Кеңес барысында жолдаудағы басты бағыттар – жасанды интеллектіні дамыту, ауыл шаруашылығы мен су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері сөз болды.

М.Өтемісов атындағы БҚУ ректоры Нұрлан Серғалиев университеттің AI-Sana бағдарламасына 4 900-ден астам студент пен оқытушы қатысып жатқанын айтып, білім беру саласында цифрлық шешімдер белсенді енгізіліп жатқанын жеткізді.

Ал «АгроСервис-Батыс» ЖШС басшысы Армат Бисенов ауыл шаруашылығында ЖИ шешімдерін пайдалану өнімділікті арттыруға мүмкіндік беретінін айтты. «Қазсушар» РМК БҚО филиалының директоры Рауан Хусаинов су ресурстарын басқаруда автоматтандырылған жүйелер тиімді нәтиже беріп жатқанын мәлімдеді.

Жиын соңында облыс әкімі орынбасарларына, басқармалар мен құзырлы мекемелер басшыларына нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, индустриялық аймақтың жағдайына талдау жасау, шекара маңындағы елді мекендерді мобильді интернетпен қамту, сонымен бірге 2025-2027 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік жобаларды кешенді қолдау шараларын іске асыру міндеттелді.