Жетісу студенттері «Алисаға» балама көмекші жасады

Жетісу облысында студенттер «Алисаға» балама дыбыстық көмекші жасап шығарды. Бұл туралы 24.kz телеарнасы хабарлап отыр.

Жас өнертапқыш Артем Федоров жетекшілік еткен жоба «Жас ғалым» байқауында үздік деп танылып, 2 миллион теңгелік грант жеңіп алды. Қолданба әзірге компьютердегі тапсырмаларды ғана орындайды. Енді оны қазақ тіліне енгізіп, жасанды интеллект негізінде жетілдіру жоспарланып отыр.

Бағдарлама болашақта бейнекамера арқылы адамның бет-жүзін танып, «ым» тілін түсінетіндей етіп жасалады. Артем Федоровтың айтуынша, қолданбаны студенттер мен оқушылар білім алу үшін, мұғалімдер жұмысында, ал мүмкіндігі шектеулі адамдар «ым» тілі арқылы ақпарат іздеуде пайдалана алады.

Жоба Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде жүзеге асып жатыр. Университет өкілдерінің мәлімдеуінше, дыбыстық көмекші басқа да бағдарламалармен интеграциялануы мүмкін. Қазан айында үздік жоба халықаралық көрмеде таныстырылады.