Түркістан облысының Цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік қызмет – мәртебелі міндет» атты облыстық семинар өтті. Оған аудан, қала әкімдіктерінің мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге жауапты мамандары қатысып, мемлекеттік қызметтердің Түркістан облысында көрсетілу барысы талқыланды.
– Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласы тікелей Президент әкімшілігінің бақылауында екендігі және сала бойынша ҚР Президентінің №954 Жарлығына сәйкес, мемлекеттік органдар жыл сайын бағаланып отыратындығы барлығымызға белгілі. Осыған орай, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасына аса мән берілуі және жоғары деңгейде орындалуы тиіс, — деді басқарма басшысы Марат Айнабеков.
Мемлекеттік қызмет атқару — қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметінің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қояды. Мемлекеттік қызметшілер әр түрлі қоғам мүшелерінің өкілдерімен жұмыс істейтіндіктен, аса үлкен дайындықпен қызмет атқаруы тиіс. Сонымен қатар, адамгершілік құндылықтар адамға деген мейірімділік, оның жанын түсіну, көмек беруге ұмтылу әрі жұмысына адал болу және т.б. оның басты этикалық құндылықтары болып табылады. Қызмет орнында өзін-өзі ұстай білуі, сыртқы бейнесімен тәртібінің сай болуы, оның түсінікті әрі жүйелі түрде сөйлей білуі тиіс. Жұмыстан тыс уақыттарда да әдеп нормаларын сақтай білуі керек. Еліміздің ертеңі — бүгінгі мемлекеттік қызметшілердің адамдық парасаты мен ар-ожданына және кәсібилігіне байланысты.
Жиналыста басқарманың мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау бөлімінің басшысы Нұржан Қалтбеков Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасына жүргізілген ішкі мемлекеттік бақылау шаралары туралы айтты. Сондай-ақ, «ХҚКО» МО АЖО ЫАЖ» мониторингі нәтижесінде анықталған бұзушылықтар баяндалды. Қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша нақты ұсыныстар айтылып, құқықтық оқыту өткізілді.
