Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Бас консулы Түркістан облыстық сотына келді

Түркістан облыстық соты төрағасының м.а. А.Сұлтанов пен Сот Әкімшілігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысы А.Апбас Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Елшісінің Бас консулы А.Каюмов және елшінің көші-қон мәселелері бойынша көмекшісі Ж.Турсуновпен кездесті.

Консул Өзбекстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасына және басқа да көршілес елдерге жұмыс жасау мақсатында баратындығын айтып, олардың барлығы осы Түркістан облысы және Шымкент қаласы арқылы өтетіндігін жеткізді. Осыған орай, Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркеуінсіз қызмет атқарып, құқық бұзушылық жасаған азаматтардың мәселелері, оның ішінде Сарыағаш ауданындағы кеден бекеттерінде құқық бұзушылық жасаған жерлестерінің сот актісін күтіп қалуы алаңдататынын айтты.

Сот төрағасының м.а. А.Сұлтанов бұл жағдай жөнінде хабардар екенін жеткізіп, сот төрелігін жүзег асыруын қамтамасыз ету және уақытылы қаралуы қатаң бақылауда екенін жеткізе отыра, соңғы 2 айда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтары туралы Кодексінің 517 бабында көзделген құқық бұзушылықтары жөніндегі істердің күрт көбейгендігін жеткізді.

Осыған орай, Түркістан қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотынан 1 судья іс-сапармен Сарыағаш ауданының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотына жолданғандығын айтты. Қазіргі таңда осы сотпен 8647 іс, ал соңғы 10 күнде(12.11-23.11.2023 жылы) 3194 іс қаралғандығын жеткізді. Бұл 3194 істі күніне бөлгенде 300 астам іс қаралатындығын және сол соттың судьялары мен сот қызметкерлері 1 айға жуық мерзім бойы демалыссыз қызмет атқарып жатқандығын мәлімдеді. Алайда істің жүктемесі одан әрі артуына және Өзбекстан азаматтарын мейілінше ертерек еліне қайтару мақсатында осы істерді қарауға Келес және Қазығұрт аудандық соттары қосылды.
Д
епартамент басшысы А.Апбас істі қарап жатқан аудандық соттар толық техникалық жабдылғандығын айтып, соттарға істер электронды түрде Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай реестрі арқылы автоматтандырылған түрде «Төрелік» бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесіне түсетіндігін айтып, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтары туралы Кодексіне сай бұл санаттағы істер түскен күні қаралып, аяқталуы тиіс екендігін, яғни келесі немесе басқа күнге қалдыру мүмкіндігі жоқ екендігін жеткізді.

Кездесу соңында тараптар бір-біріне алғыстарын жеткізіп, жұмыста жетістіктер тіледі.