Бәйдібек аудандық сотының төрағасы М.Сарсеновтың төрағалық етуімен дөңгелек үсел өтті

Бәйдібек аудандық сотының төрағасы М.Сарсеновтың төрағалық етуімен және судья Ж.Қосалбаев, аудан прокурорының орынбасары Ғ.Турманов, аудандық полиция бөлімінің тергеушілері, анықтаушылары, патрульдік полиция тобының және учаскелік полиция инспекторлары қатысуларымен дөңгелек үстел өтті.

Іс шарада сот төрағасы М.Сарсенов қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық істерді мемлекеттік тілде қарау барысында туындаған мәселелер бойынша қысқаша баяндап өтті.

Төраға өз баяндамасында сот ісін жүргізу тілінің қағидатын қолдану міндетті, сот процесіне қатысушы адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету кепілдігі, сондай-ақ мемлекеттік тілді үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасау қажеттігін айтып өтті.

Қазақстан Республикасының қылмыстық процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 30-бабында қылмыстық сот ісі қазақ тілінде жүргізілетіндігі, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал қажет болған кезде басқа тілдер де қолданылатыны көрсетілген. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде қылмыстық процесті жүргізетін орган күдікті мен айыпталушыға оның сот ісін жүргізу тіліне қатысты құқықтары мен міндеттерін түсіндіруі тиіс. Қажет болған жағдайларға күдікті мен айыпталушының өздері еркін сөйлейтін және жаза алатын тілде қылмыстық істі жүргізу, қорғаушының көмегіне жүгіну құқықтары туралы өтініштері жатады.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 738-бабының талаптарына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс. Ал қажет болған кезде іс жүргізуде орыс тілі немесе басқа да тілдер мемлекеттік тілмен тең қолданылады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілеттік берілген судья, органдар(лауазымды адамдар) әкімшілік жауапкершілікке тартылған азаматтарға сот ісін жүргізу тіліне қатысты құқықтары мен міндеттерін түсіндіріп, олардың өз мүдделерін қорғауын осы заңда белгіленген тәртіп бойынша қамтамасыз етуі тиіс.

Сонымен қатар, әкімшілік құқық бұзушылық хаттамалардың қазақ тілінде толтырылып, заң талаптарына сай дайындалып сотқа өткізу кезінде аса жауапкершілік таныту қажеттігін ескертті.
Бүгінгі таңда аудандық сотқа 37-қылмыстық іс және 186 әкімшілік істер келіп түскен, оның 99 % қазақ тілінде рәсімделгенін атап өтті.

Қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық жүргізетін органдар сот ісін жүргізуге қатысатын азаматтарға істің олар үшін қажетті, басқа тілде жазылған материалдарын сол адамдар білетін және түсінетін тілдерге өтеусіз аудару, аудармашының қызметтерін тегін пайдалану құқықтарын қамтамасыз етуі тиіс екенін атап өтті.

Іс шара соңында сот төрағасы дөңгелек үстелге қатысушылардың көптеген сұрақтарына жауап беріп, өзара пікірлер алмасты.