Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты кезекті Қазақстан халқына жолдауында «Біз елімізде креативті экономиканың жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасауымыз керек. Соның ішінде, зияткерлік меншікті қорғайтын құқықтық тәсілдер қажет» деді.
Шындығында Қазақстанда бұл сала әлі дамымаған. Креативті индустрияның ішкі жалпы өнімдегі үлесі бір пайызға да жетпейді, жұмыспен қамту саласындағы үлесі де өте төмен. Егер креативті экономиканы дамыту қолға алынса, дамыған экономикалық ел қатарының алдына шығуға мүмкіндік ашылады. Креативті индустрия зияткерлік еңбек формаларының кең спектрін қамтиды: медиа, кино, музыка, дизайн, білім беру, ақпараттық технологиялар саласы.
Бұл ХХІ ғасырдағы өсу нүктесі, бірақ креативті индустрияның ЖІӨ-ге қосқан үлесі 1%-ға жетпейді. Ал әлемде креативті экономика нығайып келеді: БҰҰ 2021 жылды «Халықаралық креативті экономика жылы» деп жариялады. 2022 жылы әлемдегі креативті индустриялар нарығының көлемі шамамен 104,2 млрд долларды құрады, ал капиталдандыру екі трлн доллардан асты. Бұл ретте жыл сайын сектор айналымы 15%-ға өседі. Қазақстанға бұл бағытта артта қалуға болмайды. Сондықтан Президент өсудің барлық қажетті жағдайларын қамтамасыз етуді тапсырды.
Ол үшін Президент «Astana Hub» сияқты, облыстық инфрақұрылым орталықтарындағы нақты сектормен тығыз үйлестіре отырып, өңірлік жоғары оқу орындарының базасында біртұтас инновациялық экожүйе құруды тапсырды. Онда креативті бизнестің жаңа өкілдері өз ісін одан әрі дамытуға мүмкіндік алады. Қазір креативті индустрия орталықтары Астана, Алматы және Шымкент қалаларында шоғырланған. Осы орайда, Мемлекет басшысы өңірлер үшін де тиісті жағдайлар жасау қажеттігін атап өтті. Бұл өте орынды бастама деп білемін. Жаңа инфрақұрылымды құру шеңберінде әрбір облыс орталығы мен ірі қалада креативті индустрия орталығын құру жоспарлануда. Оның басты мақсаты – қатысушыларды коммерцияландыруға, яғни, өз өнімін нарыққа шығаруға көмектесу.
Өнім авторлары көбінесе өз ұсыныстарын жүзеге асыруда қиындықтарға тап болатыны рас. Осы тұрғыда кез келген азаматтың ақыл-ой еңбегін мемлекет заңмен қорғауы тиіс. Зияткерлік меншік құқығын қорғауды жетілдіру арқылы авторларды жаңа өнімдер, әдеби немесе ғылыми шығармалар жасауға ынталандырамыз. Бұл тәжірибе әлемнің барлық дамыған елдерінде бар.
О.ЖОЛДЫБАЕВ
Түркістан облысы Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқығы бөлімінің басшысы
