Учаскелік инспектордың жұмысы жұрт қатарлы таңғы 9-да барып, кешкі 7-де қайтатын қалыпты жұмыс емес. Телефоны күні-түні қосулы, 24 сағат байланыста болуы қажет. Кімнің, қай жақтан, қай кезде қоңырау шалып, шақыртатынын да білмейді. Бұл – тәулік бойы кез-келген жағдайға дайын тұруды, демалыс пен мерекелік күндері де жұмыста болуды қажет ететін мамандық. Келес ауданының Ошақты ауылдық округінің аға учаскелік инспекторы Ерік СӘБИТОВТЫҢ қызығынан шыжығы көп бұл қызметке ауысқанына үш жарым жылға жуықтады.
Тәртіпті, заңды өзіміз бұзып алып, тәртіпті сақтауға шақырған тәртіп сақшыларын іштей жақтырмай тұратын заманда полицияда қызмет ету де оңай емес. Бірақ Ерік Сәбитұлы бұл мамандықты саналы түрде таңдапты. 1995 жылы аудан орталығындағы «Қаз ССР-нің 50 жылдығы» мектебін (қазіргі Ө.Жәнібеков атындағы мектеп) бітірген соң Шымкент гуманитарық институтының «Құқықтану» факультетіне құжат тапсырды. Жоғары оқу орнынан соң әскери борышын өтеп келіп, 2005 жылы ішкі істер органындағы қызметін учаскелік инспектордың көмекшісі болып бастаған. Бір жарым жылдан кейін қару-жарақ бөлімінің инспекторы қызметіне ауыстырылып, мұнда 12,5 жыл істепті.
Оның Ошақты ауылдық округіне ауысқанына көп бола қойған жоқ. Бұған дейін Жүзімдік ауылдық округінде, аудан орталығы Абай елдімекенінің учаскелік инспекторы болды.
«Біздің жұмысымыз – кеңседе отырып-ақ бітіре салатын жұмыс емес, бірінші кезекте адамдармен байланыс орнату, сөйлесу, қарым-қатынас жасауды талап ететін қызмет. Таңертең жұмыс барысын талқылап, шұғыл хабарламалар, шақыртулар болмаса, ауылдарды аралап кетеміз» дейді ол.
Қазіргі таңда инспектордың қызмет көрсету аумағына 12 мыңнан аса тұрғынды қамтитын 13 ауыл кіреді. Өзін қосқанда төрт инспектор Ошақты, Атақоныс, Еңбек, Жетітөбе, Береке, Қаратал, Қоңыртөбе, Бақышсай, Сәмбет Саттаров, Саңырау, Сарыжылға, Ынталы, Жиделі ауылдары халқының қайнаған тіршілігінің ортасында жүріп, әркімнің қақпасын қағып, әр отбасының сыры мен мұңына еріксіз куә болып жатады. Ішімдікке салынып, шаңырағының берекесін алған маскүнеммен, отбасының ойранын шығарып жүрген есермен, есірткіге есі кеткен нашақормен, түзеу мекемесінен шықса да түзу жолға түсе қоймаған есерсоқпен де бетпе-бет келуге тура келеді.
«Көршілердің айқай-шуынан бастап, кісі өліміне дейінгі ауыр қылмыстардың қақ ортасында жүретін учаскелік инспекторларды әмбебап маман деуге болады. Егер аумағымызда қылмыс тіркелсе, бірінші болып жетеміз де, әрі криминалист, әрі жедел уәкіл, әрі тергеуші, әрі анықтаушы сияқты жауапты мамандықтардың бүкіл міндетін қатар атқарып жүре береміз. Инспектордың жұмысы сырт көзге оңай көрінетін шығар, бірақ біздің қызметтің көпке біліне бермейтін ауыртпалығы көп, жауапкершілігі мол, қиындығы жетіп-артылады, қаупі мен қатері тағы бар» деген аға инспектор әлі күнге көз алдынан кетпейтін бір оқиғамен бөлісті.
Екі жыл бұрын аудан орталығында қызмет етіп жүрген кезі. Бір мектептің жанында әйел адамның қан-жоса боп жатқаны туралы шақырту түседі. Әйелдің денесі балталанған, сау-тамтық жері қалмаған, бір көзін ойып алған. Ер адамның әйелге зорлық-зомбылық жасап жатқанын мектеп күзетшілері байқап қалған. Әйелді құтқару үшін бері қарай жүгіргенде, ер адам балтасын тастай қашыпты. Учаскелік инспекторлар жеткенде әйелдің жаны шыға қоймаған екен. Әйел адам тірі қалған, бірақ мүгедек болып қалды. Ал, қылмысқа барған адам ізін суытпай ұсталады. Әйелді балталап тастаған күйеуі екен. Оқиға қызғаныштан орын алған.
Инспектордың айтуынша, аудан орталығында шақыртулардың көпшілігі осындай тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты түседі екен. Арыз жазатын да, жазбайтын да әйелдер бар. Бірақ бір рет шақырту түскен соң ол ер азамат есепке алынып, қорғау нұсқамасы бойынша бір ай инспекторлардың бақылауында болады. Әйелін ұрып-соғу тағы қайталанса, сот арқылы ерекше талап белгіленеді. Мұның соңы – әкімшілік қамауға алу. Бастапқы кезде арызданғаны үшін әйелдерін қорқытып-үркіткенімен, одан кейін көбі қол жұмсамайтын боп кетеді. Ал, мына жағдайда ер азаматтың үстінен ешбір шағым түспеген.
– Жүзімдік ауылдық округінде қызметте жүргенде мынадай оқиға болды: бір азамат тура жолдың бойында орналасқан 60 сотық жерге көкнәр егеді және оны ешкім байқамайды. Күнде таң атпай гүлін теріп тастайды екен, сосын шөп сияқты жап-жасыл боп жайқалып тұра береді. Таңғы сағат 4.30-дарда гүлін теріп жатқан жерінен қолға түсірдік, – дейді Ерік Сәбит-ұлы.
Инспектордың қоғам тыныштығын сақтау жолындағы еңбегі басшылық тарапынан ескерусіз қалған емес. Былтыр «Қазақстан полициясына – 30 жыл» мерекелік медалімен наградталды.
Оның Ошақты ауылдық округіне қызмет ауыстырғанына көп бола қойған жоқ, соның өзінде оған кеңес сұрап келетіндер, телефонына хабарласатындар көп.
– Құқық қорғау органының қызметкері ретінде бұйрықты, қойылған міндетті орындаумен ғана шектелмей, шынтуайтында жақсы учаскелік инспектор болғым келеді. Қызмет бабымен түрлі жастағы, мамандықтағы, әлеуметтік статустағы адамдармен байланыс жасаймыз. Олардың әрқайсысына жеке қарым-қатынас керек. Сондықтан бізге әлі де көп үйрену, оқу, даму керек, – дейді тұрғындардың тыныштығын күзетіп жүрген жан.
Гүлжамал Мұсаева
Түркістан облысы
