Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғыннан арыз түсті. Бұл туралы полиция басқармасы хабарлады.
Әйелдің айтуынша, белгісіз біреулер үйінің терезесі арқылы заңсыз кіріп, жатын бөлмедегі алтын бұйымдары мен ноутбугын ұрлағанын хабарлады.
Жәбірленушіге келтірілген шығын 1 500 000 астам теңгені құрады. Аталған фактіні полицейлер ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.
Бөтеннің мүлкін жымқырып, заңсыз әрекет жасаған адамды ұстау бағытында жан-жақты іздестіру шаралары жүргізілді. Криминалдық полиция қызметкерлерімен жүргізілген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында, осы іске қатысы бар деген күдікпен жұмыссыз жергілікті тұрғындар, яғни екі жас жігіт ұсталды. Белгілі болғандай, күдіктілер таңғы уақытта үйде ешкім жоқта жәбірленушінің терезесін бұзып кіріп, алтын бұйымдар мен ноутбукты жымқырған. Содан кейін олар ұрланған заттарды арзан бағаға сатып, түскен ақшаны өзара бөліп алған, — делінген хабарламада.
Қазіргі таңда күдіктілер қамауға алынып, оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
