Алматыда мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернатында «Табыс формуласы: нәтижеге бағытталған білім» деген қалалық ғылыми-әдістемелік конференция өтті. Конференцияға 100-ге тарта мұғалім, директор, білім бөлімі басшылары және 100-ге жуық оқушы қатысты.
Конференция кезінде оқушылар жаратылыстану бағытында түрлі эксперимент жасады. Атап айтқанда, кола мен кофенің тіске зияны, тағамдардың денсаулыққа пайдасы, хрозентама гүлдерінің қоспаға реакциясы, қолдан сабын жасау және тағы басқа эскперименттер көрсетілді.
Оған қоса мұғалімдер оқушылардың ерекше қабілетін айқындап, дамыту арқылы адами құндылықтарды бойына сіңірген, өзін-өзі ұдайы жетілдіретін, кез келген мәселені оңтайлы шешуге дағдыланған, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыруға дағдыланды.
Фото: «Білім-Инновация» мектебі
Іс-шара 2021-2022 оқу жылы «Басқару және көшбасшылық: жақын арада даму мектебі» тақырыбында өткен 400 академиялық сағат курсы негізінде «Алматы мектебі» бағдарламасының I оқу ағымындағы қатысушылары өзара тәжрибе алмасып, қала бойынша өзге мектептерге тарату мақсатында ұйымдастырылды. «Алматы мектебі» аясы жобасында оқып білім алған 50 мектеп арасында үйрету арқылы тәжрибе алмасады. Алдағы уақытта семинар қала бойынша мектептер арасында жалғасады.
«Білім-Инновация» лицейі жаратылыстану бағытындағы пәндерді, оның ішінде математика, химия, физика, биология және информатика пәндері ағылшын тілінде оқыту жүйесінің 30 жылдық тәжірибесі қалыптасқан. Биылғы оқу жылынан бастап Алматы «Білім-Инновация» лицейі халықаралық SAT (Scholastic Aptitude Test) және AP (Advanced Placement) емтихандарын тапсыру орталығы болды. SAT оқушының жылдам анализ жасау, талдау қабілетін тексерсе, AP оқушының университет деңгейінде білімі әлдеқашан бар екенін көрсетеді.
Фото: «Білім-Инновация» мектебі
Лицей мұғалімдері осы AP бағдарламасына оқушыларды қосымша дайындайды. Мектепте жоғарғы математика, университет физикасы, микроэкономика, макроэкономика, статистика, компьютерлік ғылымдар сабақтары оқытылады. Бәрінің бағдараламасы әлемдік деңгейдегі университеттердің 1-2-курсының бағдарламасына сай. Алматы қаласында осындай сабақтарды оқытатын және осы емтихандарды өткізетін жалғыз мемлекеттік мектеп — осы.
Айта кетейік, іс-шараны Алматы қаласы Білім басқармасы қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығы, Әуезов ауданы білім бөлімі мен «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қоры ұйымдастырды.