Санғылбай Ахатаев: Тегін құқықтық кеңеске сұраныс жоғары

Түркістан облысы Кентау ауданаралық сот актілерін орындау жөніндегі аумақтық бөлімі филиалының аға сот орындаушысы Санғылбай Ахатаевпен сұхбат.

– Санғылбай Махатұлы, мемлекет кепілдік берген заң көмегі жайлы айта отырсаңыз. Азаматтар қандай заң көмектеріне жүгіне алады?

Елімізде сөз бостандығы, ой-еркіндігімен бірге адамдардың заңды құқықтары да қорғалған. Барлық іс-әрекет белгілі бір заңға, тәртіпке бағынады. Ал оны іске асыратын арнайы органдар бар. Осы ретте мемлекет елімізде заң үстемдігін күшейтуге, әділеттілікті бекемдеуге барынша күш салуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған жолдауында қоғамда заң үстемдігі берік орнығып, сот төрелігі әділ атқарылуы қажет екенін атап өткен болатын.

Кентау қаласына қарасты аудан тұрғындарының заң тұрғысынан тегін көмек алуына мүмкіндік беріп жүрген мекеменің бірі – Кентау ауданаралық сот актілерін орындау жөніндегі аумақтық бөлім филиалы.

– Қарапайым халық көбіне қандай заңдық көмектерге мұқтаж?

Қаңтар оқиғасынан кейін құқықтық көмекке зәру болған қарапайым халықтың ең көп жүгінгені – адвокаттық қызмет. Осы оқиғалар кезінде, әсіресе тегін қызмет көрсететін адвокатқа сұраныс артқаны анық. Қазақстанда қазіргі таңда 5700-ден аса адвокат бар болса, соның ішінде Кентау қаласына қарасты 10 адвокат және 1 жеке дара адвокат қызмет жасауда.

– Олардың қаншасы мемлекет кепілдік берген заң көмегі бағдарламасы бойынша жұмыс істейді? Тәуелсіз адвокатура құрудың алғышарты қандай?

Бүгінгі таңда қоғамымызда адвокаттың ақысыз қызмет көрсететінін біреу біліп жатса, екінші адамның одан мүлдем хабары жоқ болуы мүмкін. Себебі, орын алған істі тез шешудің жолы ретінде ақылы адвокаттың қызметіне жүгіну қажет деп түсінеді. Қазақстанда тұрып жатқан әрбір азаматтың білікті адвокат көмегін алуға құқығы бар. Осыған орай Кентау қаласына қарасты ауылдар мен елді мекендерді аралап тұрғындарға заң аясында кеңестер беріп келеміз. Жыл басынан бері Қарнақ, Байылдыр, Хантағы ауыл тұрғындарын жеке қабылдап, адвокаттың тегін көмек беретінін түсіндірдік. Жылдың соңына дейін Созақ ауылының тұрғындарымен кездесіп, олардың да көкейлерінде жүрген сұрақтарының шешімін табуына жол сілтейміз деген сенімдемін.

Ұлттық құқықты дамытудың басты бағыты ҚР Конституциясының құқықтық идеяларын іске асыру. Заңмен көзделген жағдайларда, заң көмегі тегін көрсетіледі. 2018 жылдың 5 шілдесінде «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңы қабылданғаны белгілі.

– Адвокаттық және нотариаттық қызмет көрсетушілерге қандай талаптар қойылады?

Бүгінгі таңда «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңның 26-бабын халық арасында насихаттау қарқынды жүріп жатыр. Жыл басынан бастап ауданаралық сот актілерін орындау жөніндегі аумақтық бөлім филиалының қызметкерлері аумақтық адвокаттар, заң кеңесшісі, нотариустар және жеке сот орындаушылармен бірге Кентау қаласы және оған қарасты ауылдық округтердің, аудандардың жергілікті тұрғындары арасында іс-шара ұйымдастырылып, әрбір азаматтың көкейінде жүрген сұрақтарына заңға сәйкес жауап берілді. Сонымен қатар, адвокаттық және нотариаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды атестаттаудан өткізу мемлекеттік қызметті көрсе ту қағидасына сәйкес әзірленген жадынамаларды таратып, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Бұл іс-шаралар әлі де жалғасын тауып келеді.

– Құқықтық көмек пилоттық жобасы жайлы не айтасыз?

«Құқықтық көмек» жобасы аясында қала және қалаға қарасты ауыл тұрғындары тәжірибелі заңгерлер мен  білікті мамандардан кеңес ала алады. Әділет департаментінің өкілдері бастаған заң қызметкерлері, халықтың мәселелеріне назар аударып, оларға нақты бағыттарды нұсқап берді. Сондай-ақ, «AMANAT» партиясының жанынан құрылған «Құқықтық көмек» жобасы қазақстандықтарға тегін заңгерлік көмек көрсетуде. Партия өкілдері заң ұйымдарымен бірлесіп жұмыс істеу үшін арнайы меморандумға қол қойған болатын. Жоба аясында көпбалалы отбасыларға, аз қамтылған адамдарға, сондай-ақ алимент өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау мәселелері бойынша жүгінуге болады. Азаматтарға білікті мамандар заң аясында көмек көрсетеді. Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстанды құру жолында адам құқықтары мәселесіне баса мән беріп отырғанын атап өткен жөн. Осы мақсатта Конституциялық сот құрылып, Бас прокуратура мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл конституциялық мәртебеге ие болды. Халық арасында құқықтық мәселелер өте өзекті. Соған байланысты, өңірде тұрғындардың құқығын қорғайтын «Құқықтық көмек» партиялық жобасы пилоттық режимде жұмыс жасауда.

Қазіргі таңда азаматтардың құқықтық, қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында шалғайдағы ауыл тұрғындарын жаңа партиялық жоба аясында заңгерлер ауыл-ауылды аралап, халыққа арнайы құқықтық көмек көрсетуде. Әділдік пен заңның үстемдік құруы осындай нақты істерден басталады. Тұрғындарға қаржы және құқықтық мәселелер бойынша түрлі кеңестер де беріліп келеді.

Бүгінгі күні азаматтардың және заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін адвокаттар мен заң консультанттар қорғай алады.

Адвокат көмек сұрап, өтініш жасаған тұлғаға кез келген заң көмегiн көрсету ге құқылы. Адвокат қорғаушы немесе өкiл ретiнде заң көмегiн сұрап өтініш жасаған тұлғалардың құқықтары мен мүдделерiн құзыретiне тиiстi мәселелердi шешуге кiретiн барлық соттарда, мемлекеттiк, өзге де органдар мен ұйымдарда қорғауға және бiлдiруге, барлық мемлекеттiк органдардан, жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен заңды тұлғалардан адвокаттық қызметтi жүзеге асыруға қажеттi мәлiметтердi сұратуға және алуға құқылы.

– Заң консультанттарына да түсінік бере кетсеңіз. Олар көпшілікке қандай қызмет көрсетеді?

Жоғары заңдық білімі бар, заң мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс өтілі бар, аттестаттаудан өткен, Заң консультанттары палатасының мүшесі болып табылатын және заң көмегін көрсететін жеке тұлға заң консультанты бола алады.

Заң консультанттарына қойылатын талаптар «Өзін-өзі реттеу туралы» заңда айқындалады. Сонымен қатар, Заң консультанттары палатасының мүшесі ҚР Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңнамасының, палата жарғысының, қағидалары мен стандарттарының, Кәсіптік әдеп кодексінің талаптарын бұзғаны үшін осы заңға, Қазақстан заңдарына, заң консультанттары палатасының қағидалары мен стандарттарына сәйкес жауапты болады.

Мемлекет кепілдік берген заң көмегін мемлекеттік органдар «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңда белгіленген тәртіппен, адвокаттар, заң консультанттары «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңда белгіленген тәртіппен, нотариустар «Нотариат туралы» заңда белгіленген жағдайларда және тәртіппен, жеке сот орындаушылар

«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңында белгіленген жағдайларда және тәртіппен, әлеуметтік маңызы бар істер санатын орындау кезінде өтеусіз көрсетеді.

– Мемлекет кепілдік берген заң көмегін тегін алуға болатын азаматтар жайлы таратып айтып берсеңіз.

Құқықтық ақпарат беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегін тегін алуға барлық жеке және заңды тұлғалардың да құқығы бар. «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңның 26-бабының 2-тармағына сәйкес, құқықтық консультация беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқығы бар тұлғаларды атап өтер болсақ – алимент өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақылар тағайындау, ақтау, босқын немесе қандас мәртебесін алу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға, атаанасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға;

  • мәртебесіне немесе жағдайына байланысты құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау мәселелері бойынша сексуалдық зорлық-зомбылық, адам саудасы, терроризм актісі құрбандарына не азаптауларға ұшыраған құрбандарға;
  • асыраушысының қайтыс болуынан келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға;
  • жұмысына байланысты денсаулығының зақымдануынан келтірілген не қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға;
  • Ұлы Отан соғысына қатысушылар, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, мерзімді қызметтегі әскери  қызметшілер,  бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, жасы бойынша зейнеткерлер болып табылатын, кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша жеке тұлғаларға;
  • кәсіпкерлік  қызметпен   байланыс ты емес мәселелер бойынша көпбалалы отбасыларға;
  • кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша жан басына шаққандағы орташа айлық кірістері облыстарда, республикалық маңызы бар қалалар да, астанада белгіленген кедейлік шегінен төмен табысы аз адамдарға (отбасыларға) осы ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен көрсетіледі.

Ал соттарда, қылмыстық қудалау органдарында, өзге де мемлекеттік органдарда және мемлекеттік емес ұйымдарда жеке тұлғалардың мүдделерін қорғау түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегі:

  • Қазақстанның әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылатын адамға;
  • ҚР азаматтық процестік заңнамасына сәйкес талап қоюшыға не жауапкерге және ҚР әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасына сәйкес талап қоюшыға;
  • ҚР қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталған адамға, ақталған адамға, жәбірленушіге осы заңда және Қазақстан заңнамасында белгіленген тәртіппен көрсетіледі.

Алимент өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақылар тағайындау, ақтау, босқын немесе қандас мәртебесін алу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандар, мәртебесіне немесе жағдайына байланысты құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау мәселелері бойынша сексуалдық зорлық-зомбылық, адам саудасы, терроризм актісі құрбандарына не азаптауларға ұшыраған құрбандар және асыраушысының қайтыс болуынан келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғалар Қазақстан аумағында мемлекет кепілдік берген заң көмегін тұрғылықты жеріне және тұрған жеріне қарамастан алуға құқылы. Мемлекет кепілдік берген заң көмегіне мұқтаж тұлғаның мүддесіне орай оның өкілі заңдарда белгіленген тәртіппен осындай көмек көрсету туралы өтінішхатпен жүгіне алады.

Ал, мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету туралы өтінішпен жүгінген тұлға өзінің құқығын растайтын құжаттарды ұсынуға, заң көмегін көрсету шарттарына ықпал ететін мән-жайлардың өзгергені туралы уақытылы хабар беруге, заң көмегін көрсету қажеттігіне негіз болатын ақпарттың анықтығын қамтамасыз етуге міндетті. Қазіргі уақытта мұқтаж азаматтарға құқықтық көмек көрсету мәселесі мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі болып табылатынын айта кету керек. Бұл ретте, азаматтарға құқықтық көмек көрсету құралдарының бірі өтеусіз негізде көрсетілетін құқықтық заң көмегі сондай-ақ, еліміздің азаматтарын құқықтық қолдаудың пәрменді әдістерінің бірі. Өз құқығыңызды қорғау үшін ең алдымен заңгерлердің кеңесіне жүгініңіз.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Раушан НАРБЕК