Қала күні мерекесіне орай Оралда жаңадан екі сквер ашылды

Қала күні мерекесіне орай Оралда жаңадан екі сквер ашылды. Олардың алғашқысы — Х.Есенжанов көшесі мен М.Шолохов қиылысында орналасқан «Гүлнара Мерғалиеваның бақша орталығы».

Аумағы 0,4900 гектарды құрайтын жаңа тынымбақ мереке күні тұрғындарға қызмет көрсетуді бастады. Орталықта әртүрлі бау-бақша, ағаш пен гүлдердің көшеттері сатылады. Орталық басшысы Гүлнара Мерғалиеваның айтуынша, басты мақсат — қаланың көгалдандыруына үлес қосу.

Орталықтың салтанатты ашылуына шаһар басшысы Миржан Сатқанов қатысты. Ол өз сөзінде:

Біз жыл сайын қаламызды көгалдандыру мақсатында көктемгі және күзгі сенбіліктер уақытында ағаш отырғызу жұмыстарын жүргіземіз. Көшеттерді бұрын басқа аймақтардан алатын болсақ, енді соны өзімізден алуға мүмкіндіктер жасалып отыр. Оның айқын көрінісі – бүгінгі ашылған орталық, — деп атап өтті.

Осыдан кейін қаланың басты даңғылдарының бірі — Абай даңғылы бойында БҚО іскер әйелдері кеңесінің бастамасымен жаңа тынымбақ ашылды. «Grand Plaza» сауда үйінің алдында ашылған тынымбақ аумағы толықтай жарықтандырылып, ерекше ландшафттық әдістермен абаттандырылған. Тынымбақтың ортасында аспанға құс ұшырған қыз бейнесінде мүсіндік композиция қойылған. Бұл композиция бизнес-идеяны жүзеге асыру жолында тұрған жас әйелді бейнелейді. Мүсіндік композиция авторы — ҚР Суретішлер Одағының мүшесі Ерғали Бекешов.

Жаңа сквер даңғыл бойына ерекшелік беріп тұр. Шаһарымыздың «жасыл қала» деген атауын одан әрі айшықтай түскендей. Бұл – тұрғындарымыз үшін үлкен мерекелік сый деп білеміз. БҚО іскер әйелдері кеңесінің осы уақытқа дейін біраз игі істің басында жүрген, біздің әйелдер қауымы үшін қажетті ұйым екеніне баршамыз да куәміз.Сіздерге мерекелік тарту үшін алғысымызды білдіре отырып, жұмыстарыңызға жеміс, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін! – деді сквердің ашылуына қатысқан Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов.

Өз кезегінде осы идеяны жүзеге асыруға қолдау білдіргені үшін қала әкіміне облыстық мәслихат депутаты Ляна Тұрсынова облыстық Іскер әйелдер кеңесі атынан алғысын білдірді.