Мемлекет басшысы Астананы дамыту мәселелері жөнінде жиын өткізеді

11 шілдеде Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту мәселелеріне қатысты жиын өткізеді. Бұл туралы Астана әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.

Осы айдың 11 күні президент «Астана бас жоспарында» елорданың мәселелері бойынша үлкен жиналыс өткізейін деп жатыр. Ең басты мәселе – бас жоспар және қаланы аббаттандыру, көгалдандыру, қалада тұратын азаматтарға және қонақтарға жайлы жағдай жасау. Сондықтан осы бағыттарға қала бюджетін нақтылауда 20 миллиард теңгеден астам қаражат көзделіп отыр. Жалпы мемлекет басшысы Астанаға ерекше назар аударып, жарты жылдың ішінде екінші рет осы мәселе бойынша жиналыс өткізбек. Ол жерде үкімет мүшелері толығымен болады, — деді Жеңіс Қасымбек қалалық мәслихат отырысында.

Қала басшысы LRT құрылысы бойынша ғана алдағы екі-үш жылға 250-300 миллиард теңге қаражат қажет екенін айтып өтті. Мұнан бөлек үшінші жылу-электр орталығын, кәріз жүйелерін, басқа да нысандар салуға қомақты қаражат керек болады.

Президенттің ерекше назарының көмегімен қаржы органдары, үкімет пен өзге де салалық министрліктер арқылы 2024-2026 жылдарға арналған бюджетке қосымша қаржы тартамыз деп үміттенеміз. Жалпы алдағы екі-үш жылда бюджетті толықтыру қиын болады, — деді қала басшысы.