Алматы мектептеріне кешенді қауіпсіздік жүйесі енгізіледі

Келер жылдан бастап мектептерде кешенді қауіпсіздік жүйесі енгізіліп, дабыл түймелері, өту жүйесі (турникеттер), өрт қауіпсіздігі жүйесі, полицияның жедел басқару орталықтарымен біріктірілген бейнебақылау камералары орнатылады. Біз бұл жобаны үш жылдық сервистік үлгі бойынша қаржыландыруды жоспарлап отырмыз, жалпы қаржыландыру көлемі — 4,9 миллиард теңге. Ал 2023 жылға арналған бюджет жобасында осы мақсаттарға 1,6 миллиард тенге бөлінді, — деді спикер.

Оның айтуынша, заманауи инфрақұрылымды жақсарту арқылы 2025 жылға дейін барлық мемлекеттік мектептер физика, химия, биология, информатика және робототехниканың жаңа буынының пәндік кабинеттерімен қамтамасыз етіледі.

Тек 2023 жылдың өзінде жаңа модификациядағы 168 шкаф сатып алынады, оған жергілікті қордан 2,1 миллиард теңге бөлінді, — деді Әсем Нүсіпова.

Әсем Нүсіпова Алматыда 2023 жылдан бастап 7,7 мың оқушы үшін «Мектеп автобусы» жобасы басталатынын мәлімдеді.

Алматыда оқушыларды тасымалдаудың жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында 2023 жылдан бастап қаланың 8 ауданындағы 29 мектепте 7,7 мың балаға арналған «Мектеп автобусы» жобасы басталады, — деді Алматы әкімінің орынбасары.