5,2 миллион гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекеттік меншікке қайтарылды

Ауыл шаруашылығында биыл 21 миллион тонна астық жиналды. Бұл кейінгі 10 жылдағы ең жоғары көрсеткіштерінің бірі. Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жеңілдікпен несие беру көлемі 2 есеге ұлғайтылды. 420 мың тонна жеңілдікті жанар-жағармай бөлінді. Ауыл шаруашылығы техникасына жеңілдікпен несие беру көлемі 145 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылды. 5,2 миллион гектар ауыл шаруашылығы жерлері мемлекеттік меншікке қайтарылды. Келесі жылы қосымша 5 миллион гектарды қайтару жоспарланып жатыр, — деді үкімет басшысы.

Әлихан Смайыловтың атап өтуінше, қазіргі уақытта агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау жүйесін реформалаудың нұсқасы әзірленді. Барлық өзгерістер фермерлер қауымдастығымен талқыланды. Субсидиялаудың мемлекеттік ашық ақпараттық жүйесі енгізілді.

Шағын несиелеу есебінен ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны іске асыру басталды. Оған келесі жылға әзірше 70 миллиард теңге бөлінді. 5 жылдың ішінде осы жобаға 1 триллион теңге бағыттау жоспарланып отыр. Нәтижесінде, 1 миллионнан астам ауыл тұрғындары қамтылады. Кооперативтік кәсіпкерлікке барлық жеке үй шаруашылықтың жартысы тартылады. 350 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады, — деді премьер-министр.