Смайылов президентке әлеуметтік-экономикалық даму болжамын ұсынды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2022 жылдың қаңтар-шілде айларындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндалды.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, осы аралықта жалпы ішкі өсімі 3,2% құрады. Тауарлар өндірісі 3,3%, көрсетілген қызметтер 2,4% артты.

Құрылыс, сауда, өңдеу өнеркәсібі, сонымен қатар көлік және байланыс салаларында айтарлықтай өсім бар.

Премьер-министр президентке үкіметтің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тежеу шараларына қатысты мәлімет берді.

Үкімет 2022-2024 жылдарға арналған азық-түлік қауіпсіздігі жоспарын орындап келеді.

Премьер-министр инфляция деңгейін төмендету, экономиканы демонополизациялау, елдің транзиттік-көліктік әлеуетін дамыту жөніндегі шаралар туралы баяндады.

Әлихан Смайылов құны 22,2 триллион теңге болатын инвестициялық жобалардың жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.

Үкімет басшысы президентке Қазақстанның 2023-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын ұсынды.

Президент құрылымдық реформалар мен экономиканы демонополизациялауды жалғастырып, кәсіпкерлікке қолдау көрсету қажет екенін айтты.

Сонымен қатар халықтың кірісін арттыруды қамтамасыз етудің маңызын атап өтті.