Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Президенттің айтуына қарағанда, кейінгі үш жылда Қазақстан бойынша сұйытылған мұнай газын тұтыну деңгейі екі еседен астам өскен.
Тек Маңғыстау облысында автокөліктердің 90%-тен астамында сұйытылған газ пайдаланылады. Өңірдің негізгі газ жеткізушісі — Қазақ газ өңдеу зауыты. Оның негізгі құрал-жабдықтарының 90% тозған. Зауыттың апаттық жағдайларға байланысты тоқтап қалуы халықты газсыз қалдыруы мүмкін. Осы ретте Қазақ газ өңдеу зауытының базасында салынатын жаңа газ өңдеу зауытының құрылысын кешіктіру экономикалық тұрғыдан ғана емес, сондай-ақ, әлеуметтік жағынан да қауіп туғызады. Үкіметке «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, аталған бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырамын. Жаңа зауыт 2023 жылдан кешікпей пайдалануға берілуге тиіс, – деді мемлекет басшысы.
Кеңес барысында президент тағы да бір сұйытылған газ жеткізуші кәсіпорынның – Атырау мұнай өңдеу зауытының жұмысын сынады.
Жаңғырту жұмыстары 2018 жылы аяқталғанына қарамастан, кәсіпорын жұмысында әлі де іркілістер бар. Нәтижесінде, мұнай өнімдерінің барлық түрі бойынша өндіріс көлемі кеміп, соның ішінде, сұйытылған газ азайып кетті. Бұл жанармай құю станцияларындағы тапшылыққа және бағаның шарықтауына алып келді. Осыған байланысты Үкіметке сұйытылған газға деген сұраныстың арту перспективасын зерттеп, оны өндірудің қосымша қуат көздерін іздестіру жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы сонымен бірге газ тарату жүйесіне қатысты мәселені жеке қарастыру қажет екенін айтты.
Қазіргі уақытта аталған процесс жабық әрі түсініксіз жағдайда іске асырылады. Бұл сыбайлас жемқорлықтың етек жаюына алып келеді. Тиімсіз делдалдарға жол бермеу және нарық бағасын қалыптастыру мақсатында электронды сауда алаңдары енгізілді. Олардың әлеуетін барынша пайдалану керек. Мемлекеттік органдар мен бизнес жаңа тәртіпте жұмыс істеуге бейімделуі тиіс, – деді президент.
