Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығының өкілі Жандос Құмғанбаев биыл Алматыда 11 мыңнан астам түлек ҰБТ тапсыратынын хабарлады. Оның айтуынша, олардың әрқайсысының екі мүмкіндігі бар. Бірінші кезең 10 наурыздан 26 сәуірге дейін өтті, оның нәтидесі арқылы жоғары оқу орнына ақылы негізде оқуға түсуге болады. Бүгіннен бастап 6 мамырда грантқа түсуге мүмкіндік беретін ҰБТ басталды. Тестілеу 30 маусымға дейін жалғасады.
ҰБТ-ны екі лек бойынша өткіземіз, таңертең сағат 9.00-ден 13.00-ге дейін және түстен кейін сағат 14.00-ден 18.00-ге дейін. Бұл карантин шараларын сақтау мақсатында жасалды, әрбір оқушының өз дербес компьютері бар, ал нәтижесін тест аяқталғаннан кейін бірден білуге болады, — деді Жандос Құмғанбаев.
Ұлттық тестілеу орталығының өкілі ҰБТ-ның электрон форматы жаңа заман талабы екенін, оның үстіне ол оқушыларды қатты күйзеліске түсірмейтінін айтты.
ҚазҰУ базасында Ақпараттық қауіпсіздік қатаң сақталған, санитарлық нормалардың сақталуын, сонымен бірге аудиторияға тыйым салынған заттардың әкелінбеуін қадағалайтын қызметкерлер кезекшілік атқарады. Әзірге бұзушылықтар анықталған жоқ.
Карантин шараларының қатаң сақталуын медицина қызметкерлері, сонымен бірге Ұлттық тестілеу орталығының өкілдері қадағалайды. Тексерушілер, оның ішінде ювеналды полиция қызметкерлері бүкіл периметр бойынша бөлінді, олар тәртіпті қадағалап, тестілеу пунктіне бөтен адамдарды жібермейді.
Сонымен бірге ҚазҰУ-ға кіре берісте тестіленушілерді санитария тексеуі жүріп жатыр. Оқушылардың әрқайсысы дезинфекция туннельдерінен өтіп, дезинфекция төсенішті басады. Сол жерде олардың жеке бастарын сәйкестендіреді. Кіреберісте санитайзерлер орнатылған. Ал медицина қызметкерлері тестіленушінің температурасын өлшеп, жаңа бетперделер береді.
Айта кетейік, биыл тестіленушілер Face-ID бойынша сәйкестендіруден өтеді. Оқушылар жеке тұлғалар мемлекеттік базасы арқылы тексеріледі. Тыйым салынған заттарды (смартфондар, шпаргалкалар) анықтау үшін отандық прокторинг жүйесі де қолданылады. Тестілеу кезінде тыйым салынған заттар табылған жағдайда оқушы аудиториядан шығарылады.
Биыл ҰБТ тапсыруға кететін шығын айтарлықтай қысқарады. Сұрақ кітапшаларын, жауап парақтарын және басқа құжаттарды басып шығарудың қажеті жоқ. Бұған дейін Білім және ғылым министрлігінде хабарлағандай, ҰБТ-да 600 миллион теңге үнемделеді. Келесі жылдары бұл сома азаяды, өйткені биыл ҰБТ-ны электрон форматқа ауыстыру шығындары болды.
