Нұр-Сұлтан әкімінің орынбасары тағайындалды

Алтынбек Қайсағалиевтің басқа жұмысқа ауысуына байланысты Нұр-Сұлтан әкімінің орынбасары тағайындалды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан әкімдігі баспасөз қызметі хабарлады.

Қаланың онлайн-активінде елорда әкімі Алтай Көлгінов Алтынбек Қайсағалиевке үлестік құрылыс мәселелерін шешуге бағытталған жұмысы, су тасқынына қарсы іс-шараларды табысты өткізгені, «Нұр-Сұлтан — жайлы қала» мастер-жоспары қағидаты бойынша қоғамдық кеңістіктер мен аулаішілік аумақтарды дамытып, басқа да бірқатар маңызды міндетті табысты орындағаны үшін алғыс білдірді, — деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.

Нұр-Сұлтан әкімінің орынбасары қызметіне 47 жастағы Нұрлан Солтамбеков тағайындалды. Ол 20 жылдан астам уақыт мемлекеттік қызметте еңбек етіп келеді. Мамандығы — инженер-құрылысшы. Еңбек жолын ағаш ұстасы цехының шебері болып бастады.

Әр жылдары бірқатар басқармада еңбек етті. 5 жыл бойы астананың коммунал шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары лауазымында жұмыс істеді. Кейінгі жылдары Нұр-Сұлтан көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасын, Отын-энергетика кешені және коммунал шаруашылық басқармасын басқарды.