Қызылордада эпидахуал тұрақты бақылауда

Нұрлыбек Нәлібаев қаладағы емханаларды оттегімен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорындар — «Квант» механика зауыты, «Шыңғыс ЛТД» ЖШС жұмысымымен танысты. «Квант» механика зауыты күніне 200 оттегі баллонын қала ауруханаларына жөнелтіп жатыр.

Ал «Шыңғыс ЛТД» ЖШС күніне шамамен 400 оттегі баллонын медицина мекемелеріне жетікізіп беріп отыр. Тасымалдау қызметі аймақтағы кәсіпкерлердің және ерікті азаматтар мен қоғам белсенділерінің көмегімен жүзеге асып жатыр. Қаржылай көмектесіп жатқан азаматтар да бар.

Қысылтаяң уақытта қол қусырып қарап отырмай, елге қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетіп жүрген барша белсенді азаматқа үндеу жасадық. Белсенді жандар бізді қолдап, игі іске ұйыса кетті. Қиын кезде елге көмектесіп жатқан кәсіпкерлерге облыс басшысының, аймақ тұрғындарының атынан алғысымды білдіремін, — деді қала әкімі.

«Шыңғыс ЛТД» ЖШС директоры аудандарға оттегі баллонын жеткізу үшін транспорт жетіспей тұрғанын жеткізді. Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев транспорт мәселесін сол мезетте шешіп берді.

Қала әкімі індетпен тынымсыз күресіп, қиын уақытта үйіне қайтпай оқшаулау орталықтарында жатқан медицина саласының қызметкерлерімен де кездесті.

Біз үшін әрбір адамның амандығы — өмірі қымбат. Сіздердің ерен еңбектеріңіз шексіз. Барлық жағдайды жасаймыз. Менің орынбасарларым, бөлім басшылары мән-жайды қадағалап, қажеттіліктерді жеткізеді. Бұл мәселе аймақ басшысының қатаң бақылауында, — деді қала әкімі.

Қазіргі таңда дәрігерлерге қолайлы жағдай жасап, жайлы жатын орын ұсынған «Қызылорда» қонақ үйінде қалалық аурухана қызметкерлері үшін 120 орын бөлінген. Дәрігерлерді тасымалдау қызметіне әкімдік тарапынан арнайы автокөліктер қарастырылған. Елдегі ахуал тұрақталғанша бұл көліктер медицина қызметкерлеріне, денсаулық сақтау саласына қызмет істейді.

Нұрлыбек Нәлібаев мұнан соң жұқпалы аурулар емханасының мамандары оқшауланған «Сырдария» тынығу лагеріне барды. Кездесу кезінде лагердегі дәрігерлердің жай-күйін біле отырып, кадр тапшылығын болдырмау мақсатында үйде отырған дәрігерлермен медицина мамандығының соңғы курсында оқып жүрген ынталы студенттерді жұмысқа тартуды тапсырды. Қосымша штат ашуға қаржылай мүмкіндік болмаса, кәсіпкерлердің демеушілігімен жалақы мәселесін шешу жағын қарастыратынын айтты.

Сонымен қатар дәріханаларды аралап, тұрғындармен тілдесіп, халыққа қажет фармацевтика өнімдері қорының жақын күндері толықтай шешім табатынын жеткізді.

Бұл — тек Қызылорда облысында емес, барлық аймақта болып отырған жағдай. Қала әкімі дәрі-дәрмектің бағасы негізсіз қымбаттамауын, сонымен қатар халыққа жеткілікті болуы Мемлекет басшысының тікелей бақылауында екенін айтты. Ұзын-сонар кезекті болдырмау мақсатында дәріханаларға сөреде бар дәрілік заттың және сатылымда жоқ дәрілік препараттардың тізімі мен жеткізілетін уақытын көрсете отырып, ақпарат тақтайшасын орнатуды, еріктілер арқылы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, зейнеткерлер мен бала күтіміндегі ата-аналарға дәрі-дәрмек жеткізу жағын ұйымдастыруды сала басшыларына жүктеді.

Бұған дейін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова осы бағаттағы жұмыстарды облыс көлемінде тұрақты жүргізуді қала, аудан әкімдеріне қатаң тапсырған болатын.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да