Қазақтар бесікті көбіне талдан иіп жасайды. Тал бесік ұғымы осыдан қалыптасты. Тіршілігі көшпенділікпен сабақтасып жатқан ата-бабамыз бесікті жеңіл ағаштан иіп, көшіп-қонуға ыңғайлы етіп жасады. Бесіктің ұзындығы ер азаматтың жарты құлашына тең. Ал биіктігі бір жарым аршын болады. Тарихшылардың айтуынша, қазақтар бесікті биік етіп істеген. Бесіктің жер бесік және аспалы бесік деген екі түрі бар. Бұл бұйым тек қазаққа тән емес. Бесікті Орталық Азия, Кавказ, Үндістан мен Қытай халықтары да қолданған. Оның жасалу жолы мен сыртқы көрінісінде ғана айырмашылық бар.

Ата-бабамыз бесікті ешқашан сындырмаған, өртемеген. Халқымыз жаңа бесікке алғаш бөленген бала шетінесе, оны қайта пайдаланбаған. Кей жерде сол бесікті баланың қабіріне қояды. Ежелгі қорымдардан табылған бесіктер — осының дәлелі.

Дәстүрлі қазақ қоғамында бала омыраудан шыққанша бесікте жатады. Баланы бесікке бөлеу қазақ даласында үлкен тойға ұласқан, ал бесік жырын айту — тамыры тереңде жатқан үлкен тәрбиелік мәні бар дәстүр.

Бесік жабдықтарына не жатады?

Ши — бесік шабақтарының үстіне салынатын шиден тоқылған төсеніш.

Жөргек — шидің үстіне төселетін жұқа киіз.

Құс төсек — құс қауырсыны салынып, қабылған төсеніш. Ол жөргектің үстіне жабылады.

Кепіл — нәрестенің жамбас тұсы мен тізесін қажамас үшін тігілген кішкене жұмсақ жастықшалар.

Тартпа бау. Биязы жүннен тоқылады. Екі-үш қабат матадан сырып, кеуде, тізеден оралатын тұстары жалпақтау етіп жасалады. Тартпаның біреуі нәрестенің көкірек тұсына, екіншісі тізесінің тұсына түседі.

Түбек. Қыштан, күйдірілген сазбалшықтан, мыс немесе жез қаңылтырынан жасалады. Түбектің түбіне күл себіледі.

Шүмек. Қыз балаға шүмекті ескі уықтың иінінен жасайды. Зәрді сіңіріп алмау үшін дайын болған шүмекті майға қайнатып алған. Ал ұл баланың шүмегі асық жіліктен жасалады. Оның басын шорт кесіп, қырларын жұмыр етіп, егейді. Шүмектің аппақ болып шығуы үшін оны суға әбден қайнатады.

Жабу. Бесіктің көлеміне сай тігіледі. Жабу көбіне екі қабаттан тұрады. Ол нәрестені маса-шыбыннан, желден, шаң-тозаңнан, суықтан қорғайды.