Болат Бопай, этнограф:

Этнограф Болат Бопай
Болат Бопай. Фото: Еlana.kz

Қазақтың үйлену салтында апалы-сіңліліні, егіз қызды бір жігітке ұзатпайды. Жігітті шешесі жағынан жеңгесі болып келетін әйелге де үйлендірмейді, қайын ағасына да келінін тұрмысқа бермейді. Әмеңгерлік салтта тек қайнысы мен жеңгесін қосу бар. Қазақ жесір қалған әйелді қайын атасына қосуға да тыйым салған. Қайын інісіне қосуға рұқсат етілген. Егер марқұмның туған інісі болмаса, өзіне ет жақын туыстарының біріне қосады. Жесір әйелдің балаларына қайтыс болған әкенің фамилиясы беріледі. Әмеңгерлік — қазақтың ертеден келе жатқан дәстүрінің бірі. Әмеңгерлік деп жесір қалған әйелдің қайын інісіне тұрмысқа шығуын айтады. Бұл дәстүрдің үлкен жауапкершіліктен тұратын тәрбиелік мәні, жол-жосындық, ғұрыптық негізі бар. Әмеңгерлік салты үлкендердің батасымен, жесір әйел мен қайын інінің разылығымен іске асады. Ерлі-зайыптыны қысыммен емес, өз еркімен қосады.

Әйел күйеуі қайтыс болса да, қайын жұртының өкілі саналады. Сондықтан қазақ салтында күйеуі қайтыс болған әйел өзі түскен шаңырақтың, тіпті, сол рудың жесірі атанады. Марқұм болған күйеуінің барша туыс-туғаны жесірге пана болып, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай қамқорлық жасайды. «Әйел ерден кетсе де, елден кетпейді», «Аға өлсе, іні — мұра» деп жесір қалған әйелді қайтыс болған адамның інісіне қосады. Осылайша отбасын бүтіндей сақтап қалады. Жесірін басқа руға, жат елге бермейді.

Үйлену, неке, отбасы, шаңырақ
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Ертеректе жер дауынан кейінгі ең үлкен талас жесір дауы болған. Халқымыздың «Жесір жыласа, жер жылайды, жетім жыласа, ел жылайды» деген мақалында үлкен шындық жатыр. Бұл дәстүрді тереңірек талдасақ, ар жағында иман мен адамгершілік, мейір-шапағат, жесірге қамқорлық, жетімге шынайы жанашырлық жатыр. Бұл дәстүрде жеті атадан келе жатқан текті бұзбай, қанды таза ұстаудың үлкен ғылыми тұжырымы жатыр. Біріншіден, жесір әйел панасыз қалмайды, рухани жағынан жәбір көрмейді. Екіншіден, балалары жетімдіктің тауқыметін тартпайды. Жаутаңкөз болып, жат босағаны сығаламайды, уайым-қайғысыз өседі. Үшіншіден, бала өз руы мен туыстарының ортасында өседі. Жетім қалған балада алаңдап, қорқу, торығу, жасқану, жатырқау болмайды. Төртіншіден, қазақтың бұрыннан келе жатқан ата-дәстүрі сақталып, тәрбие ретінде мұра болып қалады, дала заңы болып көрініп тұрады.

Айжан Орманқызы, генетик:

Айжан Орманқызы
Айжан Орманқызы. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Ешқандай дәрігер «Мынадай жағдайда үйленуге болмайды» деп айта алмайды. Медицина, оның ішінде генетика ешкімнің үйленуіне тыйым салмайды. Генетика тек диагностика жасау арқылы алдын ала бала болу мүмкіндігін, оның денсаулығын анықтай алады. Дегенмен ерлі-зайыптылардың туыс болмауы және жеті атаға дейін құдаласпау дәстүрі генетикада ерекше ескеріледі. Медицина қазақ дәстүрінде қастерленетін туыстық қатынасты, үйленуге байланысты салттарды дұрыс деп есептейді.

Балаларының бойында кінәрат бар ата-аналардың сырт келбетінде ешқандай ақау байқалмаса, шежіре сыза бастаймыз. Өздерінен сұрастыру арқылы көбіне ерлі зайыптының бір-біріне бөле болып келетінін анықтаймыз. Емделушіге «Сіздер туыссыздар, сондықтан балада кінәрат бар» деп ескертсек те, олар туыстық қатынастың болашақ балаға қаупі барын түсіне бермейді.

Әр адамда HLA деген ген бар. Ол иммунитеттің жұмысына жауап береді. Осы ген арқылы екі адамның сәйкессіздігі анықталады. Егер HLA генінің мутациялары әйелдің де, ердің де генінде екі не одан көп болып қайталанса, бала болмайды. Бірақ «бұл бала көтеруге ешқандай мүмкіндік жоқ, жұбайлар ажырасуы керекй деген сөз емес. Дәрумен ішіп, емделіп болғаннан кейін әйел бала көтеруі әбден мүмкін. Мұндай жолы болған отбасылар бар.

Жұбайлар үйленбес бұрын медициналық тексерістен өтуі керек. Диагностика арқылы сәйкессіздіктің бар-жоғын, ерлі-зайыптылардың белгілі бір аурумен ауыратынын немесе тасымалдаушы екенін анықтауға болады. Мұндай тексерістен өту — болашақ отбасының бақытты, ұрпағының дені сау болуының кепілі.

Ислам дінінде үйленуге байланысты қандай тыйымдар бар?

Muslim.kz сайтының мәліметінше, ислам дінінде үйленуге байланысты тыйымды екіге бөліп қарастырады.

Исламдағы неке
Исламдағы неке. Иллюстрация: Islam.ru

Біріншісі — өмір бойы үйленуге тыйым салынған жағдайлар. Бұл санатқа жақын туыстар: әке жағынан туыстар, нағашылар, бөлелер, әкесі немесе шешесі бөлек бауырлар және олардың ұл-қыздары, немерелері жатады. Аталғандардың бір-бірімен үленуіне тыйым салынған. Сүт бауырлар: бауырлардың бір-біріне үйленуіне болмайтыны сияқты бір ананы емгендер де бір-бірімен некелесе алмайды. Бұл дәстүрдің сүт бауырлардың басқа ананы емген аға-інілеріне және әпке-қарындастарына қатысы жоқ. Құдандалы туыстар да осы санатқа жатады: қайын енелері мен әжелері, өгей қыздары мен олардың қыздары және немерелері, өгей ұлдарының қыздары мен немерелері, өз ұлдарының әйелдері мен немерелерінің әйелдері, өгей аналары.

Екіншісі — үйленуге уақытша тыйым салу. Бұл тыйымдар уақытша кедергілерге сүйенеді. Некелесу құқығы кедергілер жойылғанда күшіне енеді. Уақытша үйленуге тыйым салынғандар — некедегі әйелдер, яғни әйел ерімен ажыраспайынша немесе одан жесір қалмайынша өзге еркекпен некелесе алмайды. Күйеуінен жесір қалған әйел немесе ажырасқан әйел өзге ерге тұрмысқа шықпай тұрып, белгілі бір мерзім күтеді. Мұны шариғатта «иддәт мерзімі» деп атайды. Әйелге иддәт мерзімі бітпей тұрмысқа шығуға тыйым салынады. Туған немесе ағайын апалы-сіңліліні бір некеде бірге ұстау Һарам саналады. Ағайындас апалы-сіңлілі деп бірге туған апалы-сіңліліні, әкесі жағынан апалы-сіңліліні және  нағашы жағындағы апалы-сіңліліні айтады.

Төрт әйелі бар ер адамға бесінші әйел алуға тыйым салынған. Еркек бесінші әйел алуы үшін некелескен әйелдерінің біреуін талақ етуі шарт. Себебі шариғат ең көбі төрт әйел ғана алуға рұқсат береді. Мұсылман жігіттің өзіне жар еткісі келген қызы мұсылман, христиан немесе яһуди дінінде болуы тиіс. Бұлардан өзге діндегілерді алуына рұқсат жоқ. Бірақ мұсылман қыз  тек мұсылман жігітке тұрмысқа шыға алады. Қыз балаға өзге діндегілерге тұрмысқа шығуына тыйым салынған. Мұсылман емес ер әйелдің әлсіздігін пайдаланып, оның сеніміне кері әсерін тигізіп, діни амалдарын орындауға кедергі жасайды. Оның үстіне, дүниеге келген бала әкесінің дініне өтеді. Бұл нәрсе исламның мұсылман ұрпағын көбейту түсінігіне теріс. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) «Үйленіңдер және көбейіңдер! Қиямет күні үмметімнің көптігімен мақтанамын» деген.

(Иллюстрация: Dribbble.com ©danhu)