Алматы облысының аумағындағы Жоңғар Алатауы мен Барлық жотасы аралығында, Қазақстан мен Қытай шекарасына жақын маңда атақты Жоңғар қақпасы бар. Бұл – көшпенділердің тарихындағы ерекше аймақ. Бұл асуда Ұлы Жібек жолының ізі сайрап жатыр, ал XIII ғасырда Орталық Азияны жаулап алуға аттанған Шыңғыс хан әскері осы тау асуы арқылы жүріп өткен.

Жоңғар қақпасы – ұзындығы 50 шақырым болатын жіңішке тектоникалық жарық. Тау шатқалын биіктігі 300-400 метрге жететін терең жарықтар бөліп жатыр. Тау асуы Балқаш-Алакөл шұңқыры мен Жоңғар жазығының аралығында жалпағынан созылып жатыр.

Тау шатқалының кей жерлерінде ұсақ жылан мекендейтін қалың бұта мен қылқанды тоғай кездеседі. Солтүстікте Жоңғар қақпасының алдында Алакөл, оңтүстікте Қытай мемлекеті аумағында Ебінұр көлі бар. Тау шатқалының солтүстік бөлігінде Жалаңашкөл көлі жатыр. Қақпаның сұлу көркі Ырғайты өзенінің солтүстік жағалауындағы жардан жақсы көрінеді.

Жоңғар қақпасы
Жоңғар қақпасы

Тау дәлізі ерекшеліктерінің бірі – оның жіңішке, ұзынша келген аэродинамикалық пішіні. Сондықтан бұл жерде Қытайдан келетін құрғақ Ебі желі оңтүстік-шығыстан, ал Қазақстаннан есетін Сайқан желі солтүстік-батыстан соғып тұрады. Бұл екеуі ТМД аумағындағы ең күшті дауылдар қатарына кіреді. Кейде олардың жылдамдығы секундына 70 метрге дейін жетеді. “Қанды жел” атанып кеткен Сайқан – электр қуатын өндірудің таптырмас қайнары.

Қазақтың басынан өткен бірнеше тарихи жағдай осы тау шатқалымен тығыз байланысты. Жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақ тарихының жылнамасына енген үлкен шайқастардың бірі осы жерде өткен. Оқиға XVIII ғасырдың бірінші жартысында болды. Жоңғар әскері қақпа арқылы өтуге дайындалып, Әбілқайыр ханның әскері бірнеше күнге бөгелген. Сол кезде 15 жасар Сартай атты жігіт кейін халық арасында “Мың бала” аталып кеткен жасөспірімдер жасағын жинаған. Жас балалар қазақ әскері келіп жеткенше жоңғарлардың тегеурінін тежеу үшін өмірлерін құрбан еткен.

Ал 1969 жылдың 13 тамызында Қытайдың қарулы әскері осы жердегі КСРО шекарасынан заңсыз кірді. Ірі шекаралық жанжалға ұласқан оқиғадан Кеңес Одағының 2 шекарашысы қаза тауып, тағы 10 шекарашы жарақат алды, Қытайдың 19 сарбазы өлтіріліп, үшеуі тұтқынға алынды. 1969 жылдың 11 қыркүйегінде Қытай астанасында екі ел арасындағы жауластық әрекеттерді тоқтату туралы шартқа қол қойылды.

Қазіргі уақытта Жоңғар қақпасы арқылы 1991 жылы іске қосылған “Транс-Азия” тасымалдау қызметінің теміржол дәлізі өтеді. Дәліз Азия мен Еуропаны өзара жалғастырып жатыр. Қытайдың Алашанькоу станциясы Ланьчжоу-Шыңжаң теміржолы бойындағы тау шатқалының оңтүстігінде, ал Қазақстанның Достық станциясы тау асуының орталығында.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!