Жобаны ұйымдастырушылар Алматыда соңғы екі жылда атқарған жұмыстарын таныстырды. #ІспенКөрсет бастамашылары барлық үкіметтік емес ұйым өкілдерін, еріктілер мен қоғам белсенділерін өз қызметтері туралы жүйелі түрде хабарлауға шақырады.

Жоба алдындағы зерттеу нәтижесі бойынша қазақстандықтардың 85%-ы үкіметтік емес ұйымдардың бар екенінен хабарсыз болып шықты. Сауалнамаға қатысқандардың 15%-ы мұндай ұйымдар туралы естіген, бірақ олардың қызметі туралы білмейді.

Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы көзге көрінетіндей болмауы мүмкін. Олар аз болса да, маңызды жайттарды жақсартуға тырысады. Үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері еліміз бойынша мұқтаждарға қажетін табуды ұйымдастырып, тегін кеңес береді. Әлеуметтік жобаларды дамытып, әртүрлі тренинг жүргізеді. Олардың басты мақсаты — бәрін #ІспенКөрсету.

Бүгінде үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері жастарды қолдау, құқық қорғау, білім, экономика, психология, мәдениет салаларында ауқымды істерді атқарып жүр. Олардың айтуынша, халық қоғамға қызмет ететін адамдардың бар екенін білуі керек.

#ІспенКөрсет жобасы аясында «Құқықсыздықтан құқықтық қабілетке дейін» психоаналитика қауымдастығының тағылымдамасы ұйымдастырылған. Осы жобаға қатысып, қоғамнан орнын тапқан 22 жастағы Айдар Әсімбаев өз оқиғасын айтып берді. Айдар балалар үйінде өскен. Дәрігерлер оған туғанында «ақыл-ой кемістігі» деген диагноз қойған. Ал 18 жасында Айдарды еңбекке жарамсыз деп таныған.

Айдар Әсімбаев
Фото: MediaNet халықаралық журналистика орталығы

Мені анам балалар үйіне қалдырып кеткен. Әрине, бұл ісіне мен ашуланамын, бірақ күн сайын өмірімде болатын түрлі жағдайдан шығуға тырысамын. Қазақстан азаматы ретінде кез келген жағдайда өз құқымды қорғауға, бір орында қалып қалмай, білім алуға талпынып жүрмін. Қазір үлкен мейрамханада даяшы болып жұмыс істеймін. Бүгін бәріңізді көргеніме қуаныштымын. #ІспенКөрсет жобасының арқасында мен балалар үйінде емес, қарапайым адамдардай өмір сүремін, жұмыс істей аламын. Қазір Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен есепшот ашып, арманымдағы үш бөлмелі пәтерге ақша жинап жүрмін. Қалауымдағы үйді сатып алғаннан кейін өзімнің үлкен ресторанымды ашқым келеді, — деді Айдар Әсімбаев.

«Психоаналитикалық қауымдастық» қоғамдық бірлестігінің қызметкерлері Айдардың еңбекке жарамдығын дәлелдеу үшін құжаттар жинаған. Сот процесі ұзаққа созылғанымен бірлестік жас жігіттің еңбекке жарамды екенін дәлелдеп шыққан. Қоғамдық бірлестіктің жұмысы туралы толығырақ осы мекеменің психологы Камила Мергенбаева айтып берді:

Біздің қоғамдық бірлестік мүкіндігі шектеулі жандарға арналған. 2011 жылы мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығының қорғалуына назар аудара бастадық, кейін әлеуметтік кафе аштық. Ондағы мақсатымыз — психоәлеуметтік мүгедектікке шалдыққандардың қоғамда еркін, жақсы жағдайда өмір сүруіне көмектесу. Мысалы, мүмкіндігі шектеулі азамат қалада жалғыз өзі арбамен қалай жүретінін немесе өз көлігіне қандай құжаттар қажет екенін білмесе, біздің қызметімізге жүгіне алады. 2018 жылы біздің әлеуметтік кафе халықаралық Zero project конференциясында «Үздік тәжірибе» номинациясын жеңіп алды. Мұның бәрі әр қызметкеріміздің, бізді қолдайтын бұқаралық ақпарат құралдарының арқасы, — дейді Камила Мергенбаева.

Іспен көрсет жобасы таныстырылды
Фото: MediaNet халықаралық журналистика орталығы

#ІспенКөрсет жобасының аясында Mama pro қоғамдық қоры да соңғы екі жылда атқарған жұмыстары туралы қысқаша баяндап берді.

Әсия Текеева, Mama pro аналарды қорғау қорының өкілі:

Mama pro аналарды қорғау қорының жұмыс істеп жатқанына бір жылдан енді асты. Осы қордың басы-қасында жүргендер — мүмкіндігі шектеулі балалардың анасы. Баланың диагнозын білгенде аналардың көбі күйзеліске ұшырайды. Осы кезде қиындыққа қарамастан өмір сүруге, баланы өсіруге талпыну қажет. Себебі әйел отбасы мен басқа балалардың тәрбиесін ысырып қоя алмайды. Осындай жағдаймен бетпе-бет келген үш ана қор ұйымдастыруды ойладық. Елімізде мүмкіндігі шектеулі балалары бар аналарға қатысты ешқандай қор да, ұйым да жоқ екенін білдік. Нәтижесінде Нұр-Сұлтанның әкімімен кездесіп, жоспарымыз бен мақсаттарымызды айтуға мүмкіндік туды. Ол кісі бірден ойымызды түсініп, қор бастамашыларына қаланың ортасынан кеңсе берді. Содан бері мүмкіндігі шектеулі балалардың аналарына шеберлік сағаттары мен консультация өтуге мүмкіндік жасалды. Қор ашылғаннан бері 120 әйел біздің орталықтан сабақ алды, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап оңалту орталығын ашқан әйел бар, — деді Әсия Текеева.

Іспен көрсет жобасы таныстырылды
Фото: MediaNet халықаралық журналистика орталығы

Үкіметтік емес ұйымдар тек мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жағдайына көңіл бөлмейді. Ұйымдастырушылар құқық қорғау саласын да назарға алады.

Евгений Жовтис, Адам құқығын қорғау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюроның директоры:

Біраз проблемада қоғам биліктің араласуына мұқтаж болып қалады да, көптеген проблема шешусіз қалып жатады. Азаматтар билік өкілдерінен мардымды жауап алмағандықтан іске өздері кірісуге бел буады. Бірнеше азамат жиналып, ұйымдасып, проблеманы шешуге тырысады. Мұндай қор мен ұйымдардың пайда болуы — қалыпты жағдай. Бұл азаматтардың өмір сүру сапасын, білімі мен құқығын қорғау сауатын арттырады, — дейді Евгений Жовтис.

#ІспенКөрсет ақпараттық кампаниясы үкіметтік емес ұйымдардың қызметін, мақсатын үлкен аудиторияға қарапайым тілмен түсіндіргісі келеді. Ол үшін ұйымдастырушылар Муразай атты кейіпкерді ойлап тапқан. Муразай әлеуметтік желіде күнделікті кішігірім проблемалар арқылы үкіметтік емес ұйымдардың қызметін халыққа танытады.

Муразай
Фото: MediaNet халықаралық журналистика орталығы