Оқулықтардың жаңа топтамасы дүниежүзі тарихы, әдебиет теориясы, халықаралық құқық және бизнес, қазіргі заманғы педагогика, өнер тарихы, интернет психологиясы, стратегиялық менеджмент, маркетинг негіздері, ұйымдық мінез-құлық, медиа және бизнес-коммуникация, адам ресурстарын басқару, дипломатия, ориентализм және семиосфера бағыттарын қамтыған.
Жаңа оқулықтарды таныстыруға арналған конференция барысында олардың мазмұны мен құрылымы, оларды оқу бағдарламасына енгізу, аударма сапасы, жаңа ғылыми ұғымдар мен терминдердің қолданысы мәселелері кеңінен талқыланды.
«МакГроХил» баспасынан шыққан 2 томдық «Панорама: дүниежүзі тарихы» оқулығы тарихты оқытуда бізде қалыптасқан ұстаным мен ұғымды бұзып, адамзат дамуын біз үшін мүлдем жаңа тұрғыдан таныстырады. Бір топ батыс әдебиетшісі дайындаған, кіріспе мен 4 томдық антологиядан тұратын «Әдебит теориясы» топтамасы әдебиеттануды басқа салалармен байланыстыра отырып, оған анағұрлым кең көзқарас қалыптастырады. Жинақ әдебиеттегі орыс формализмі, структурализм, феноменология, постструктурализм, психоанализ ұғымдары, постотаршыл және трансұлттық таным туралы түсінік береді.
Беделді заңгер маман әрі танымал ғалым Малколм Шоның 2 томдық «Халықаралық құқық» атты оқулығы — осы саладағы дүниежүзі таныған аса құнды кітаптың бірі. Оқулық халықаралық құқық саласына шолу жасайды, құқық жүйелерін салыстыра отырып, саладағы теория мен тәжірибе жайлы жан-жақты түсінік қалыптастырады. Жаңа заманға лайық педагог мамандар дайындауға қажет оқулықтар қатарында «Оқыту теориясы: білім беру көкжиегі», «Педагогиканы цифлық дәуірде қайта зерделеу: XXI ғасырдағы оқыту дизайны» және көпшілік оқырманға аса қызық болатын Кембридж университеті дайындаған «Интернет психологиясы» оқулықтары бар.
Экономика және кәсіпкерлік бағытындағы білім беруге қажет оқулықтар қатарын толықтыру мақсатында әлемге танымал авторлардың құнды еңбектері аударылды. Атап айтсақ, Джон Гэмбл бастаған авторлық топтың «Стратегиялық менеджмент негіздері», Ник Уилтонның «HR менеджментке кіріспе», Стивен Роббинстің «Ұйымдық мінез-құлық негіздері», Чарльз Хиллдің «Халықаралық бизнес: жаһандық нарықтағы бәсеке», Ларри ДиМаттеоның «Халықаралық бизнес құқығы және заңнамалық орта» оқулықтары бар. Бұл ретте ерекше аталуы тиіс тағы бір кітап — қазіргі маркетингтің негізін қалаушы Филип Котлердің «Маркетинг принциптері» оқулығының 17-басылымы.
Сонымен бірге дүниежүзі өнертанушылары негізгі оқу құралы деп танитын Эрнст Гомбрихтың тасқа қашалған суреттерден бастап, бертіндегі экспериментал кезеңге дейінгі өнердің дамуын қамтитын «Өнер тарихы» оқулығының 16-басылымын ерекше атауға болады. Мұның сыртында әлемдік гуманитарлық ғылымға ықпал еткен жекелеген авторлардың кейбір монографиялары да қамтылды. Мысалы, семиотика ғылымының негізін қалаушы Юрий Лотманның «Семиосферасы», тіл білімі мен биологияны ұштастырған Стивен Пинкердің «Тіл — инстинкт» атты зерттеуі, батыстағы ғылыми ортаның шығысты тану әдістемесін жаңа тұрғыдан тұжырымдаған Эдуард Саидтың «Ориентализмі» аударылды.
Мұның барлығы — ондаған тілге аударылған, әлемдік гуманитарлық білімнің дамуына зор үлес қосқан, әрқайсы өз саласында жаңа ұғымдар жүйесін қалыптастырған айтулы еңбектер. Бұл кітаптардың қазақ тіліне аударылуы қазақстандық жоғарғы мектеп пен ғылыми ортаның күшейуіне, тіліміздің заманға сай әлеуетін арттыруға зор үлес қоспақ. Жоғарда аталған 30 оқулықтың әрқайсы 10 мың данамен шығарылып, жаңа оқу жылына дейін еліміздегі 112 жоғары оқу орнына жаңа оқу жылына дейін таратылады. Оқулықтардың электрон нұсқалары «Қазақстанның ашық университеті» порталына орналастырылып, интернет арқылы еркін қолданысқа беріледі. Аударма жұмысына Қазақстанның алдыңғы қатарлы оқу орындарының ғалымдары, тәжірибелі аудармашылар, тілтанушылар мен әдебиеттанушылар ортасынан іріктелген редакторлар, жалпы саны 300-ден аса маман қатысып жатыр.
Оқулық мәтіндері бірнеше рет әдеби және ғылыми редакциядан өтті. Жоба аясында әлемдегі оқулық шығаруға маманданған Cambridge University Press, Oxford University Press, Pearson, Cengage, Penguin Random House, McMillan және басқа да ірі халықаралық баспа үйлерімен әріптестік қарым-қатынас орнады. Жобаны ҚР Білім және ғылым министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры іске асырып жатыр.
«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы — шынымен теңдесі жоқ бағдарлама. Бұл жоба, біріншіден, гуманитарлық ғылымдардың халықаралық деңгейін тануға жол ашты. Екіншіден, қазіргі қазақ қазақ тіліндегі ғылыми стиль мен академиялық терминологияның нормаға түсуін үдетті. Үшіншіден, түпнұқса тілден, атап айтқанда, ағылшын тілінен тікелей аудару мектебінің қалыптасуына негіз қалады. Биыл аударылған оқулықтардың да осы бағытта жұмыс жасайтынына сенімім мол, — деді «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы.
Кітаптарды таныстыру барысында ҚР Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі ұлттық комиссияның хатшысы Аида Балаева бағдарлама аясында 2 жылда атқарылған іс шаралар туралы айтты.
ЖОО бағдарламасы аясында көптеген ауқымды жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жұмыстар «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында белгіленген шаралармен ұласады деп сенімдімін. Екі жыл ішінде 90 астам экспедиция жасалды, 2000-ға жуық іс шара ұйымдастырылды. Бағдарламаның барлық бағыты бойынша ғылыми жұмыстар жасалды. Осы уақытта 7000 ғылыми мақала жарияланды. 17 ғылыми жоба жүзеге асырылды. Жалпыхалықтық келелі жұмысқа студенттер де белсенді қатысып отыр. Жастар өз бетімен ізденіп, пікірталас алаңында телестудиялар ашылды. 4000-нан астам материал интернет бетіне қойылып, әлеуметтік желіде жарияланды. Былтыр гуманитарлық ғылымның маңызды деген 18 оқулығы қазақ тіліне аударылса, биыл, міне, тағы 30 оқулық тізімді толықтырып отыр, — деді Аида Балаева.
Еске салайық, бұған дейін «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы бойынша қазақ әдебиетіндегі 60 автордың шығармасы БҰҰ-ның 6 тілінде басылып шыққаны хабарланған еді.