Алматыда қазақ әдебиетінің ағылшын, араб, испан, қытай, орыс, француз тілдеріне аударылған екі томдық антологиясы таныстырылды. Шараға Ұлыбритания, Испания, Франция, Ресей, Қытай, Мысыр баспа компанияларының өкілдері, Таяу Шығыс аудармашылары мен әдебиетшілері, аударма және баспа ұйымдарының басшылары, алғашқы антологияға кірген авторлар қатысты. Сонымен бірге жиында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, Қазақстан Жазушылар одағы мен «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының өкілдері болды.

«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасының мақсаты — отандық әдебиет пен мәдениетті, музыка мен бейнелеу өнерін, хореография, кино және театр саласының ең озық туындыларын әлемге таныту. Себебі мұның бәрінің негізінде тіл мен әдебиет жатыр. Сондықтан біз халқымызды әлемге танытуды көркем әдебиеттен бастадық, — дейді жобаның жетекшісі, ҚР Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева.

Қазақ әдебиетінің антологиясы
Фото: Әділет Мұсахаев

Ұлттық әдебиеттің проза мен поэзиядан тұратын екі томдық антологиясына 60 автордың шығармасы топтастырылған.

Бұл жобаны ұйымдастыру үрдісі өзгеше болды. Ең алдымен алты елдегі баспа ісінде, көркем аударма саласында ең тәжірибелі компаниялар мен 100-ге жуық кәсіби маман таңдалды. Нақты жұмыс бірнеше кезеңге бөлінді. Біріншісі — шығармаларға жолма-жол аударма жасау. Екінші кезең — соның негізінде көркем аударма жасау, үшіншісі — көркем аудармаға әдеби редакция жасау. Төртінші кезең — аудармадағы қазақы ұғымдарға түсініктеме жазу. Аударма жасаған алты елдің өкілі, аудармашылары мен әдебиетшілері Қазақстанға келіп, еліміздің мәдениетімен, салт-дәстүрімен танысты. Мұндай сапар олардың қазақ мәдениетіне, шығармалардың мазмұнына терең үңілуге жол ашты, — дейді Аида Балаева.

Қазақ әдебиетінің антологиясы
Аида Балаева. Фото: Әділет Мұсахаев

Аида Балаеваның айтуынша, жобаны іске асыру барысында аудармашылар авторлармен кездесіп, аударма сапасы, мазмұны, стилі жайында сұхбаттасып, әр шығарманы талқылады. Авторларға шетелдік әріптестерімен, ірі баспалармен тікелей байланыс орнатуға жағдай жасалды. Кейбір авторлар жеке халықаралық жоба бастауға мүмкіндік алды.

Қазақ әдебиеті антологиясының әрқайсысы 10 мың данамен жарық көріп, бес құрлықтағы 92 елге таралады. Кітаптар әлемнің ірі оқу орындарына, кітапханалар мен ғылыми орталықтарға жеткізіледі. Ағылшын тіліндегі кітаптар ағылшын тіліне ресми мәртебе берген 17 мемлекетке, араб тіліндегі басылымдар Таяу Шығыс пен Африкадағы 22 елге, испан тіліндегі кітаптар Испаниямен бірге Латын Америкасының 20 еліне, қытай тіліндегі туындылар 1,5 миллиард халқы бар Қытайдың барлық өңіріне, орыс тіліндегі кітаптар 14 мемлекетке, француз тіліндегі қазақ әдебиетінің антологиясы Еуропа мен Африканың 17 еліне жіберіледі.

«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» бағдарламасына қатысуға мүмкіндік туғаны үшін өте қуаныштымын. Қазақ және араб мәдениетінің ұқсастықтары аз емес. Екі ел арасында көпір болған бұл бағдарламаның арқасында Қазақстан мен Мысыр Араб Республикасы арасында мәдени қоғам құрылатынына сенемін. Біз қазақ және орыс аудармашыларымен жұмыс істегенде олар «қазақ әдебиеті әуен сияқты» дейтін. Өзім де қазақ антологиясын оқып, оның шын мәнінде әуендей екеніне көзімді жеткіздім. Шынымен де қазақ халқының әдебиеті мұндай әсер қалдырады деп күтпеппін, — дейді Мысырдың МеdiaHub баспа компаниясының директоры Абдул Рахим Абдулахит.