Басты бетЖаңалықтарШавкат Мирзиеев...

Шавкат Мирзиеев Қазақстанмен достық қарым-қатынасты нығайту туралы айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевпен кеңейтілген құрамда кездесті.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиеевке Тұңғыш Президент — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сәлемін жеткізіп, оның Қазақстан мен Өзбекстан қарым-қатынастарының дамуына сіңірген өлшеусіз еңбегін ерекше атап өтті.

Біз шағын құрамдағы кездесу кезінде сабақтастықтың сақталып, мемлекеттеріміз арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі нығайту үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауға уағдаластық, — Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиеевпен кеңейтілген құрамда кездесті
Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиеевпен кеңейтілген құрамда кездесті. Фото: Аkorda.kz

Қазақстан Президенті қазіргі саясат екі мемлекеттің ұлттық мүддесіне толық сәйкес келетінін және келіссөздер барысында қол жеткен келісімдерді жүзеге асыру үшін үкіметаралық комиссияны Үкімет басшыларының деңгейіне көтеру туралы шешім қабылданғанын айтты.

Біз Өзбекстанның дамуын зор қызығушылықпен бақылап отырамыз. Сіздер бірқатар бағыт бойынша реформалар жүргізіп, соның ішінде мемлекеттік басқаруды, экономиканы либерализациялауды жетілдіріп, халықтың әл-ауқатын арттыру ісінде таңқаларлық жетістіктерге қол жеткіздіңіздер, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Шавкат Мирзиеев Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ретіндегі алғашқы мемлекеттік сапарын Өзбекстаннан бастағанына тоқталып, бұл қадамның стратегиялық әріптестікті тереңдетіп, қалыптасқан қарым-қатынастарды жалғастыруға бағытталғанын айтты.

Қазақстанмен достық қарым-қатынасты, тату көршілікті нығайту — Өзбекстанның сыртқы саясатының басым бағыты. Нұрсұлтан Назарбаев екеуіміз екі ел арасындағы қарым-қатынастардың берік іргетасын қалап, өзара байланысты жаңа деңгейге көтере алдық, — деп түйіндеді Шавкат Мирзиёев.

Мемлекет басшылары кеңейтілген құрамдағы кездесуде екіжақты және халықаралық байланыстардағы өзекті мәселелер жөніндегі, нақтырақ айтқанда, БҰҰ, Ислам ынтымақтастық ұйымы және Аралды құтқару халықаралық қоры аясындағы мүдделері мен ұстанымдары сәйкес келетінін атап өтті.

Келіссөздер барысында тараптар құқық қорғау органдары, арнайы қызмет және қорғаныс ведомстволары саласы бойынша қауіпсіздік пен тұрақтылықты, тығыз ықпалдастықты қамтамасыз ету, жолаушылар және жүк тасымалдау ісін, өзара сауда және өнеркәсіп кооперациясын жандандыру мәселелерін талқылады.

Еске салайық, мұның алдында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиеев шағын құрамда келіссөздер жүргізген еді.