Көпшілікке «Ақпен бірге», «Алыстама» әндерімен танылған музыкант Ғалымжан Молданазардың «Ғарышкер» атты әні бар. Baribar.kz автордан әннің тарихы туралы сұрады.

Ән қалай дүниеге келді?

Ғалымжан Молданазардың айтуынша, бұл ән оның шығармашылығындағы сәтті кездерді еске салады.

«Ғарышкер» — әншілік, композиторлық жолымдағы алғашқы жылдары дүниеге келген ән. Қанша уақыт осы жолда жүріп, барлық арманымның орындалатынына, әрине, сендім. Әндерім енді жарыққа шыға бастағанда қатты қобалжыдым. Сол кезде бала күнгі ғарышкер боламын деген арманымды есіме түсірдім де, осы әнді жаздым, — дейді ол.

Ғарышкер
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Әншінің айтуынша, бала кезінде ғарышкер болуды армандамаған адам кемде-кем.

Менің жасымдағылар мен бізден үлкен аға-апалар — барлығы кезінде ғарышкер болуды армандады. Кез келген кішкентай баладан «Өскенде кім боласың?» деп сұраса, көбіне «Ғарышкер боламын» деп айтатын. Менің де ғарышкер болғым келді. Бірақ ол бала арманым болатын, — дейді Ғалымжан Молданазар.

Автордың «Жасап алдым ғарышты мен Жерде, жұлдыз болып жүрмін мен ішінде» деген ойы нені білдіреді?

Әнді өзім жазып, оны инструменттерде ойнап үйренсем екен деп қатты армандайтынмын. Кейін әнді жазу, оны өңдеу, жалпы әнге қатыстының бәрін үйреніп алған кезде өзімді бақытты санадым. Мен үшін бұл бір ғарыш болды. Сол нәрсеге қолымды жеткізгенде өзімді ғарыштағыдай сезіндім. Сол себепті «Жасап алдым ғарышты мен Жерде, жұлдыз болып жүрмін мен ішінде», — деді әнші.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!