Вице-премьер бастаған топ Ақмола өңірінде әлеуметтік шараларды түсіндірді

Үкімет мүшелерінің тобы Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Щучинскідегі Жоғары педагогика колледжінің жастарымен кездесті. Вице-премьер Жастар жылын өткізу жөніндегі жол картасы аясында 5 негізгі бағыт бойынша 80-нен астам іс-шара іске асырылып жатқанын айтты. Колледжде бастауыш білім беру, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, дене шынықтыру және спорт, кәсіптік оқыту, музыкалық білім беру, негізгі орта білім мамандықтары бойынша 1 мыңнан астам студент білім алып жатыр.

Гүлшара Әбдіқалықова бастаған топ Бурабай ауданының Кенесары ауылында, Біржан сал ауданының Макинка ауылында және Бұланды ауданының Алтынды ауылында халықпен кездесті.

Әрбір бағыт нақты әрі айқын шаралардан тұрады. Олар халықтың әлеуметтік осал топтарын қорғауды күшейтуге, олардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді. Азаматтардың әл-ауқаты соларға байланысты. Қолынан іс келетіннің бәрі еңбек етуге міндетті. Ал дене мүмкіндіктеріне немесе өзге де себептерге байланысты жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ азаматтарға мемлекет әлеуметтік қолдау көрсетіп жатыр, — деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Премьер-министрдің орынбасары көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға да барды. Тілек Төлегеннің отбасында мектеп жасындағы 4 бала бар. «Еңбек» бағдарламасы аясында 2 миллион 200 мың теңге көлемінде шағын несие алған отағасы 10 ірі қара мал сатып алған. Ауыл бизнесмені өз отбасын толық қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын да ашып отыр. Гүлшара Әбдіқалықова облыс басшылығына осындай оң тәжірибелерге жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды.

Жұмыс тобының мүшелері Ақмола облысының басқа аудандары мен ауылдарында да болды.

Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова білім беру нысандарын аралады. 2018 жылы Елбасы тапсырмасы бойынша жаңа аттестаттау жүйесі бойынша санаттарын растаған және жаңартылған білім мазмұнымен жұмыс істейтін мектеп мұғалімдерінің жалақысы 30-50%-ға көтерілгені белгілі. Маусым айынан бастап мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбиешілері мен тәрбиешілердің көмекшілері үшін сараланған жалақы 30%-ға дейін артады. Сонымен бірге облыста үш ауысымдық оқыту мәселесін шешу үшін 7 нысанның және оқушылардың орын тапшылығын жою үшін бір нысанның құрылысы жүріп жатыр. Биыл 280 орындық 1 балабақшаны пайдалануға беріліп, мектепке дейінгі 10 ұйым ашылады, жұмыс істеп тұрған 120 орын кеңейтіледі.

Республикалық бюджет қаражаты есебінен 8,2 миллиард теңгеге 7 нысан салынып жатыр. 2 нысан 2019 жылы пайдалануға беріледі.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Бұланды, Еңбекшілдер, Степногор және Ақкөл ауруханаларының медицина қызметкерлерімен кездесті. Nur Otan партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов Есіл және Астрахань аудандарының тұрғындарымен кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясына 4 жаңа жобаны іске қосуды тапсырғанын айтты, олар: инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға басымдық беретін «Құтты мекен», ауылды дамытуға бағытталған «Ауыл — ел бесігі, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау жөніндегі «Бақытты отбасы», партияның қоғамдық қабылдаулары негізінде халықтың әлеуметтік қорғалатын тобын қолдауға бағытталған «Халыққа көмек» бірыңғай әлеуметтік терезесі.

Жұмыс тобының әрбір мүшесі азаматтарды жеке қабылдап, өңір тұрғындарымен де кездесті.

Еске сала кетейік, Үкіметтің ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған жұмыс тобының құрамына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов, Nur Otan партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Рамазанова және БАҚ өкілдері мен блогерлер кірді. Жұмыс сапары жалғасады.