Сценарий бойынша 21 жасқа толмаған жігіт Алматыдағы дүкен маңында жүрген адамдардан өзіне алкоголь сатып алып беруді өтінді. Эксперимент нәтижесінде адамдардың көбі жасы 21-ге толмаған жігітке алкоголь сатып алуға қарсы емес болып шықты. Бірен-саран адам ғана азаматтық белсенділік танытып, бұл өтінішті орындаудан бас тартты.

«Аман-саулық» қорының мәліметінше, бүгінде еліміз Орталық Азияда спиртті ішімдікке құмар жастардың саны бойынша бірінші орында. Қазақстанда 15 жастан асқан адамдар арасында бір жылда алкогольді тұтыну көрсеткіші жан басына шаққанда шамамен 9 литрден келеді. Оның 65%-ы — құрамындағы алкоголі өте күшті сусындар.

«Аман-саулық» қоғамдық қоры 2019 жылдың басында алматылық студенттер арасында сауалнама жүргізді. Сауалнаманың нәтижесінде студенттердің 38%-ының алкогольді алғаш рет 16 жасында, 37%-ының 16-дан 18-ге дейінгі аралықта, 20%-ының 18-ден 21-ге дейінгі кезеңде, тек 5%-ының 21 жастан асқан соң тұтынып көргені анықталды. Арақ-шарап емін-еркін сатылып жатыр, жастардың алкогольді көп ішуі сондықтан.

«Аман-саулық» қорының басшысы Бақыт Түменованың айтуынша, эксперименттің мақсаты — қарапайым алматылықтардың 21-ге толмаған жігітке ішімдікті сатып алып беру өтінішін қаншалықты қабылдайтынын және Қазақстанның ең ірі мегаполисінде алкогольді сату туралы заңнамалық шектеулердің қалай жұмыс істейтінін анықтау.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы алкоголизмді созылмалы, прогрессив және өлімге себеп болатын ауру деп есептейді. Сондықтан бұл дерттен емделу үшін спирттің кез келген дозасынан бас тарту керек.

Ғалымдар адам денсаулығына алкогольдің аз мөлшерінің өзі қауіпті екенін дәлелдеген. Спиртті ішімдік адамның аз өмір сүру ықтималдығын 20%-ға арттырады.

«Аман-саулық» қоғамдық қорының қызметі тәуекел факторларды басқаруға жүйелі түрде бағытталған. Қор ұйымдастырған әлеуметтік эксперимент азаматтарды денсаулыққа жауапкершілікпен қарауға үндейді.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!