Басты бетЖаңалықтарАтырауда әкімдік...

Атырауда әкімдік қызметкерлері Шалқар Ақымғалиевтің отбасына қаржы аударады

Облыстық әкімдік қызметкерлері суға батып бара жатқан азаматты құтқару кезінде қаза болған полицей Шалқар Ақымғалиевтің отбасына біркүндік еңбекақысын аудармақшы. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Қала әкімі Әлимұхаммед Құттымұратұлы өзенге секірген азаматты құтқарған полицей Рүстембек Сүндетовті қабылдап, құрмет грамотасын табыстады. Адам құтқарудағы батыл әрекеті үшін алғыс айтты.

Полиция кіші лейтенанты Рүстембек Сүндетов 21 наурыз күні кешкісін көпірден секірген әйелді құтқарып қалған болатын. Сол түні қасында болған әріптесі Шалқар Ақымғалиев оқиға орнында қаза тапқан еді. Рүстембек өзеннен жолдасын іздеп, таба алмаған. Ол 3 градустан аспайтын температурадағы суық судан жағалауға аман шықты. Рүстембек үйленген. Ол — екі баланың әкесі.

Қоғамда полицияға қатысты қалыптасып қалған теріс стереотип бар. Құқық қорғау органдары қызметкерлері туралы сындарды жиі естиміз. Сіздер, өмірден өткен жолдасыңыз Шалқар Ақымғалиев екеуіңіз қазақстандық полиция туралы сондай түсініктерді теріске шығардыңыздар. Өскелең ұрпаққа үлгі болдыңыздар, ата-аналарыңыздың тәрбиелі ұлдары екендеріңізді көрсеттіңіздер, сіздерді барша ел мақтан етеді, — деді Әлимұхаммед Құттымұратұлы.

Еске сала кетейік, 22 наурызда Наурыз мерекесін салтанатты атап өту кезінде Атырау облысының тұрғындары ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкері Шалқар Ақымғалиевті бір минут үнсіздікпен еске алып, рухына тағзым еткен еді. Батырды соңғы сапарына шығарып салу рәсіміне жүздеген азамат жиналды. Аймақ басшылығы мен облыстық полиция департаменті полицейдің жерлеу рәсіміне кеткен шығынды көтерді. Облыстық әкімдік қызметкерлері қайтыс болған полицейдің отбасына бір күндік еңбекақыларын аударады.

1 сәуірде ерлікпен қаза тапқан Шалқар Ақымғалиев 25 жасқа толар еді.