Алматыда «Алғыс айту» күніне орай оқушылар сарайында жас және көпбалалы отбасылармен кездесу өтті. Шараны Алматы облысы жастар саясаты басқармасы және басқарманың жанынан құрылған «Жетісу еріктілері» облыстық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды. Бұл туралы Алматы облысы Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма хабарлады.
Жиын барысында меценаттар мен жас кәсіпкерлердің, «Жетісу шапағаты» қайырымдылық қоры және «Жетісу еріктілерінің» қолдауымен Ақсу ауданының тұрғындары — Б. Саудабеков пен М. Бабаеваға (6 балалы отбасы), Талдықорған қаласының тұрғыны — М. Мукашеваға (жалғыз басты ана) жаңа үйдің кілті табысталды. Шара соңында көпбалалы отбасылар алғыс хатпен марапатталды.
Шараға Алматы облысының құрметті азаматтары, барлық ауданы мен қалаларынан келген 20 жас, көпбалалы отбасылар қатысып, төрт баланың тұсауы кесілді.
Мерекелік шара басталмас бұрын көпбалалы отбасылар арнайы көлікпен қаланың көрікті жерлерін аралады. Бұл серуен шалғайдағы балалардың арманына қанат қақтырып, көңіл көкжиегін кеңейтті. Сонымен қатар балалардың әрқайсына ойыншықтар сыйға тартылып, аниматорлар бүлдіршіндердің көңілін көтерді. Кездесуге Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфтиі — Серікбай қажы Ораз арнайы келді.