Басты бетЖаңалықтарНұрсұлтан Назарбаев...

Нұрсұлтан Назарбаев Елбасы кеңсесі не үшін құрылғанын айтты

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кеңес өткізді. Елбасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиынға Елбасы кеңсесінің басшысы Махмұд Қасымбеков, Елбасының көмекшісі — ҚР Президенті Іс Басқарушысының бірінші орынбасары Айдар Бисембаев, Елбасы кеңсесінің, сонымен бірге Тұңғыш Президент қоры мен кітапханасының құрылымдық бөлімшелерінің жетекшілері қатысты.

Жиынға қатысқандар Нұрсұлтан Назарбаевқа Елбасы кеңсесінің қызметіне байланысты ұйымдастыру-құқық мәселелерінің аяқталғаны жөнінде баяндап, кеңсеге кадрларды іріктеу жұмысының нәтижелері туралы ақпарат ұсынды.

Нұрсұлтан Назарбаев Елбасы кеңсесінің алдына қойылған міндеттерді дер кезінде және тиімді орындау қажет екенін айтты.

Мен Тұңғыш Президент — Елбасының тиісті конституциялық заңмен реттелетін міндеттерін атқаруға кірістім. Сонымен қатар мен Қауіпсіздік кеңесінің, Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасымын, Nur Otan партиясына басшылық етуді жалғастыра беремін. Алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Осы қызметті қамтамасыз ету үшін Тұңғыш Президенттің кеңсесі құрылды. Ұйымдастыру мәселелерінің барлығы шешілді. Енді бәріміз жүктелген міндеттерді орындауға кірісуіміз керек, — деді Елбасы.

Жиында Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетті одан әрі дамыту жөніндегі стратегиялық міндеттерді сапалы шешу мақсатымен ведомствоаралық өзара тиімді ықпалдастық орнату қажет екенін айтты.

Бүгінде Президент те, Үкімет те мен бекіткен бағдарламалық құжаттарда, Жолдауда қамтылған, сонымен бірге партия съезінде айтылған міндеттерді орындау бағытында жұмыс істеп жатыр. Бәріміз Қазақстанның игілігі үшін, еліміздің тұрақтылығын, бірлігі мен дамуын қамтамасыз ету үшін жұмыс істеуге тиіспіз. Бұл — бәрімізге ортақ міндет, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев қоғамдық маңызы бар бастамаларды жүзеге асыру қажет екенін айтты. Ол Тұңғыш Президент қорының талантты жастарға жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған жобаларын ерекше атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін Елбасы кеңсесін құруға 1 миллиард теңге қажет болатыны хабарланған еді.