Ақорданың баспасөз қызметі Тұңғыш Президенттің жерлестеріне не айтқанын жария етті.

Туған ауылыма келген сайын әрқашан балалық шағымды жылы сезіммен еске аламын. Менің жүріп өткен жолым оңай болған жоқ, мемлекетіміздің ілгерілеуі мен өркендеуі үшін көп еңбек еттім. Шаршаған кездерімде әкем екеуіміз жиі серуендеген Шамалғанның көшелері мен тау бөктерлерін есіме алатынмын. Сол сәтте-ақ шаршағаным басылады, — деді Елбасы.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті жүргізіліп жатқан саясаттың арқасында еліміздің халықаралық аренада мойындалғанын айтты.

Біз үлкен жұмыс атқардық. Бұрын ешкімге белгілі болмаған Қазақстан бүгін бүкіл әлемге танылды. Қазақстандықтар түрлі елге барып, дүниежүзінің ең үздік оқу орындарында білім алу мүмкіндігіне ие болды, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы алдағы қызметі жөнінде де сөз етті.

Мен Елбасы ретінде стратегиялық мәселелерге көңіл бөлемін. Қасым-Жомарт Тоқаев менің артқан үмітімді ақтайды деп сенемін, — деді Тұңғыш Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев елімізді жаңғырту жөнінде қабылданып жатқан шаралар ең әуелі жастарды қолдауға және олардың дамуына бағытталғанын айтты.

Қазақстанның болашағы жарқын болатынына сенемін. Ол үшін барлық жағдай жасалған. Кім бизнес ашқысы келсе, оған несие беріледі. Мамандығы жоқ болса, мемлекет оны жаңа кәсіпке оқытады. Мәселе жұмыстың жоғында емес, мамандықтың болмауында. Сонымен қатар біз ауылдарды дамыту үшін көптеген бағдарламаны жүзеге асырып жатырмыз, — деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев ел азаматтарының тұрмыс сапасын арттыру жөнінде түрлі бағдарламалар мен әлеуметтік шаралар іске асырылып жатқанын айтты. Сонымен бірге қоғамда мемлекетке жиі иек артатын патерналистік түсінікке жол бермеу керек екенін айтты.

Кез келген ер адамның ар-намысы болуы тиіс. Бала тәрбиесі ең әуелі — ата-ананың жауапкершілігі. Ал мемлекет ата-аналарды жұмыспен қамтып, балаларын асырауына жағдай жасауы керек, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Тұңғыш Президент өзімен кездесуге келгендерге табыс тілеп, оларды Отан игілігі үшін еңбек етуге үндеді.