Алматы облысында сүт өндіретін заманауи ферма ашылады

Күзде Ескелді ауданының Көкжазық елді мекенінде ірі сүт фермасы іске қосылады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Сүт фермасының құрылыс жұмыстарына 1 миллиард теңге инвестиция бөлінді.

Фермаға бірінші кезеңде 270-ке жуық ірі қара кіргізіліп, кейін оның санын 1200-ден асыру жоспарланған.

Ескелді ауданының әкімі Бағлан Тәнекеновтың айтуынша, сүт фермасы ауданның ғана емес республиканың экономикалық драйверіне оң ықпалын тигізбек.

Заманауи тұрғыда салынып жатқан ферма осы жылы іске қосылып, ауыл тұрғындарына 28 жұмыс орнын қамтамасыз етеді. Ірі қара санын біртіндеп арттырамыз. Ферма жылына 2 миллион тонна сүт шығаратын болады, – дейді аудан әкімі.

Облыста қазіргі уақытта 70 сүт-тауар фермасы жұмыс істейді. Биыл тағы да 7 жоба іске қосылады. 2022 жылға дейін 5 мың сиырға арналған 14 сүт-тауар фермасы құрылып, аймақ 100 пайызға сүтпен қамтамасыз етілмек.