Басты бетЖаңалықтарПрезидент бір...

Президент бір күнде 7 кездесу өткізді. Қандай мәселелер талқыланды?

Андрей Фурсенко

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясы Президентінің көмекшісі Андрей Фурсенконы қабылдады. Мемлекет басшысы екі елдің ұзақмерзімді ұлттық мүдделерін қамтамасыз ету ісіндегі Қазақстан мен Ресей әріптестігінің және одақтастығының маңызын атап өтті.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екі ел арасындағы қатынастардың басқаларға үлгі саналатынын әрдайым айтып отырады. Сондықтан Мемлекет басшысы ретіндегі менің міндетім — біздің көшбасшыларымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Владимир Владимирович Путин негізін қалаған екіжақты ынтымақтастықты дамытуға қосымша серпін беру, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ресей Федерациясына жасайтын алдағы ресми сапарына байланысты Мемлекет басшысы жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында білім беру және ғылым саласының өзекті мәселелері талқыланатынын айтты.

Біз ынтымақтастықты кеңейту аясында білім беру мәселелерін де талқылаймыз деп ойлаймын. Бүгінгі ең бастысы — білім беру саласына инвестиция тарту, — деді Қазақстан Президенті.

Андрей Фурсенко Қасым-Жомарт Тоқаевқа өзінің Қазақстанға сапары барысында өткізген кездесулері жөнінде мәлімет берді.

Біз сындарлы әрі келелі келіссөздер жүргіздік, Ұлттық биотехнология орталығына, Назарбаев Университетіне, Парламент Сенатына бардық. Бүгінде елдеріміз арасында ғылым саласындағы ынтымақтастық мейлінше табысты жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағытта ортақ басымдықтар мен дамытуға қажетті әлеуетіміз бар, — деді Ресей Федерациясы Президентінің көмекшісі.

Ерболат Досаев

Қазақстан Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады. Мемлекет басшысына валюта-қаржы нарығындағы қазіргі ахуал мен еліміздің қаржы секторын несиелеу және сауықтыру үшін жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде баяндалды. Сонымен қатар Ұлттық банк төрағасы Қазақстан Президентіне ұлттық валютаның өзгеруіне әсер етуші факторлар туралы мәлімет берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк тарапынан бұл салаға тиісті бақылау жүргізу қажет екенін айтты. Кездесу соңында Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді.

Ғизат Нұрдәулетов

Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовті қабылдады. Кездесу барысында Мемлекет басшысына еліміздегі құқық қорғау органдарының қызметі жөнінде есеп берілді.

Президент заң және заңнамалық нормалардың, азаматтардың заңды мүддесін сақтау ісіндегі еліміздің қадағалаушы органы ретінде прокуратураның айрықша ролін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокурорға бірнеше нақты тапсырма берді.

Асқар Мырзахметов

Президент Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовті қабылдады. Мемлекет басшысына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және Қазақстан халқына арналған қазіргі Жолдаудағы және «Нұр Отан» партиясының XVIII съезі аясындағы Елбасы тапсырмаларының орындалу нәтижелері туралы есеп берілді.

Президент мемлекеттік бағдарламаларды уақтылы және тиімді жүзеге асыру және халыққа әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсету жөніндегі шараларды атқару қажет екенін айтты.

Асқар Жұмағалиев

Қасым-Жомарт Тоқаев Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевті қабылдады. Кездесу барысында Асқар Жұмағалиев ведомство жұмыстарының нәтижелері және орташа мерзімді кезеңдегі жоспарлары жөнінде мәлімет берді. Мемлекет басшысы қорғаныс өнеркәсібі мен аэроғарыш саласының деңгейін көтеру және технологиялық тұрғыдан жаңғырту жөніндегі ведомстваның алдына қойылған міндеттерді сапалы жүзеге асырудың маңызына назар аударды. Сонымен қатар цифр технологияны біртіндеп және жан-жақты енгізу қажет екенін айтты.

Ғабит Байжанов

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сырбар» Сыртқы барлау қызметінің директоры Ғабит Байжановты қабылдады. Кездесу барысында Мемлекет басшысына Сыртқы барлау қызметінің қазіргі жұмыстары жөнінде баяндалды. Президент бірқатар нақты тапсырма берді.

Роман Скляр

Қазақстан Президенті Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярды да қабылдады. Министр оған ведомствоның қазіргі жұмыстары мен алдағы жоспарлары жөнінде баяндады. Президент кездесуде министрлікке бекітілген мемлекеттік және салалық бағдарламаларды тиімді орындаудың маңызы, жол-көлік инфрақұрылымын жаңғырту, индустриялық даму жобаларын уақтылы іске асыру туралы айтты.