Қазақстан Қарулы Күштері тікұшағының апатынан 13 адам қаза тапты. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Осы жылдың 27 наурызында оқу-жаттығу барысында әскери борышын орындау кезінде ҚР Қарулы Күштері тікұшағының апатқа ұшырауы салдарынан бортта болған 13 әскери қызметші қаза болды. Қазақстан Қарулы Күштерінің барлық жеке құрамы қайтыс болған жауынгер жолдастарының туыстары мен жақындарына терең күйзеліспен қайғырып көңіл айтады, — делінген ведомствоның ресми хабарламасында.
Қорғаныс министрлігінің басшылығы марқұмдардың отбасына моральдық және материалдық көмек беру жөнінде шаралар қабылдайды.
Бұған дейін Қызылорда облысында ҚР Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері Әскери-әуе күштерінің тікұшағы апатқа ұшырағаны хабарланған еді. Бортта 13 адам болған. Тікұшақ төрт әскери тікұшақтан тұратын звено құрамында Ақтаудан Шымкентке бағыт алған. Ұшу «Алтын жебе» арнайы бөлімшесінің оқу-жаттығуы мен кешенді тексеруі шеңберінде қараңғы уақытта және күрделі метеорологиялық жағдайда іске асырылды. Қорғаныс министрі генерал-майор Нұрлан Ермекбаевтың бұйрығымен ҚР Қорғаныс министрлігінің арнайы құрылған комиссиясы апат орнында жұмыс істеп жатыр.
Қорғаныс министрлігі мен Ішкі істер министрлігі әуе апатының себебі мен мән-жайын тергеуді бастады.