Басты бетЖаңалықтарҚасым-Жомарт Тоқаев...

Қасым-Жомарт Тоқаев мұқтаж азаматтарға пәтер беруді жеделдетуді тапсырды

Ақордада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және облыстар әкімдерін қатыстырып кеңес өткізді. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында хабарлады.

Ақордадағы кеңес барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев негізін қалаған әлеуметтік тұрғыдан әділетті ел құру бағытын жалғастыруды міндеттеді. Соның ішінде, Президент әкімдерге әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар үшін 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер беру мәселесін жеделдетуді және бұл үдерісті биылғы мамыр айынан бастауды жүктеді, — деп хабарлады Ақорданың баспасөз хатшысы.

Баспасөз хатшысының хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін инфрақұрылымға қатысты жүйелі мәселелерді шұғыл шешу және мемлекеттік аппарат пен қоғам арасындағы тиімді байланыстарды жолға қою қажет екенін де айтты.

Мемлекеттік органдар тарапынан коммуникацияның заманауи арналарын пайдалана отырып, тиімді түсіндіру жүргізу қажеттігі аталды. Президент өңір әкімдерінің халықпен үнемі кездесуге және елді мекендерді жиі аралауға тиіс екенін де айтты, — деп жазды Берік Құрманғали.

Айта кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған көпбалалы отбасылар үшін жалға берілетін 40 мыңнан астам пәтер салуды тапсырған еді.