ҚР Салық Кодексінің 348-бабында жұмысшының емге кеткен қаражаты шегерімге жататыны көрсетілген. Қарапайым тілмен айтқанда, емделуге жұмсаған ақшаңыздан табыс салығы ұсталмайды.

Мысалы:

Айлығыңыз – 200 мың теңге. Сіз 50 мың теңгеге емделдіңіз.
Сіз емделген айда жалақыңыздан ұсталатын табыс салығы былай есептелуі керек: 200 000 – 42 500 (ең төменгі жалақы) – 20 000 ( зейнетақы қоры жарнасы) – 50 000 (емге кеткен ақшаңыз) × 10% = 8 750 теңге.

Ал егер емге жұмсалған ақша шегерілмесе, ұсталатын табыс салығының сомасы мынадай болады: (200 000 – 42 500 – 20 000) × 10% = 13 750 теңге.

Байқасаңыз, 5000 теңге айырмашылық шығып тұр, яғни айлығыңызға сол айда (емделген айда) 5 000 теңге қосылады. Сонда емге кеткен ақшаңыздың 10%-ын қайтарып алдым деп есептеуіңізге болады.

Емделуге жұмсалған қаражаттың бір бөлігін қайтару үшін жұмысыңыздың есеп бөліміне мына құжаттарды апаруыңызға болады:

– медициналық қызметтің құны көрсетілген келісімшарт немесе үзінді көшірмесі;
– емге қаражат төленгенін растайтын түбіртек.

Медициналық қызметтер бойынша шегерімге жататын сома бір жылда 94 айлық есептік көрсеткіштен аспауы керек.

Ескерту: мұны еңбекке жарамсыздығына байланысты төленетін төлеммен шатастырмау қажет.