Қазақстандықтар еңбекке жарамсыздық парағын Egov.kz арқылы ала алады

Алдағы бірнеше айдан кейін қазақстандықтар еңбекке жарамсыздық парағын Egov.kz арқылы ала алатын болады. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде денсаулық сақтау саласын цифрландыру тақырыбында өткен Үкімет сағатында еліміздің Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты.

«Бірінші тоқсанның соңына қарай электронды үкімет порталы арқылы уақытша жұмысқа қабілетсіздік парағын, сонымен қатар туберкулезге қарсы, психоневрологиялық және наркологиялық ұйымдарда есепте тұрғаны туралы анықтаманы алу жолға қойылады», – деді Елжан Біртанов.

Сонымен қатар министр ағымдағы жылдың ақпан айында көрсетілген медициналық қызметтер туралы халыққа СМС-хабарландыру қызметі енгізілетіндігін атап өтті.

Айта кетерлігі, Үкімет сағатында Елжан Біртанов 2018 жылдың маусым айында Қазақстанда электронды денсаулық паспорты ілкі жоба ретінде енгізілетіндігін айтты.

Сонымен қатар ол денсаулық сақтау саласына енгізілетін жасанды интеллект қалай жұмыс істейтіндігін түсіндірді. Мұнан бөлек, министр Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы жаңа кодекс әзірленіп жатқандығын атап өтті.

Дереккөзinform.kz