Бақытжан Сағынтаев пен Марат Тәжин жаңа қызметке тағайындалды

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Әкімшілігінің басшысы мен Мемлекеттік хатшыны ауыстырды. Жаңа тағайындаулар туралы жарлық Ақорданың сайтында жарияланды.

Президенттің жарлығымен Бақытжан Сағынтаев Президент Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды. Ол 2019 жылдың 1 наурызы күні Мемлекеттік хатшы болып тағайындалған еді.

Бақытжан Сағынтаев
Бақытжан Сағынтаев. Фото: Primeminister.kz

Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы қызметінен босатылсын, — делінген Президент жарлығында.

Бақытжан Сағынтаевтың орнына жаңа Мемлекеттік хатшы болып Марат Тәжин тағайындалды. Ол бұған дейін Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып қызмет еткен еді.

Марат Тәжин
Марат Тәжин, Фото: Марат Әбілов

Марат Мұханбетқазыұлы Тәжин Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметінен босатылсын, — делінген жарлықта.

Ал бұған дейін Президент Әкімшілігін басқарып келген Әсет Исекешев қызметінен босатылды. Ол бұл лауазымды 2018 жылдың 10 қыркүйегінен бері иеленіп келді.

Әсет Исекешев
Әсет Исекешев. Фото: Іnform.kz

Мемлекет басшысының жарлығымен Әсет Өрентайұлы Исекешев басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы қызметінен босатылды, — делінген Қасым-Жомарт Тоқаев шығарған жарлықта.

Қазақстан Президенті сонымен бірге өзіне тағы бір жаңа көмекші тағайындады.

Мемлекет басшысының жарлығымен Мұрат Әбуғалиұлы Нұртілеуов Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі болып тағайындалды, ол Қазақстан Республикасының Финляндия Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметінен, Қазақстан Республикасының Эстония Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарудан босатылды, — делінген Ақорда сайтында жарияланған жарлықта.