Тұңғыш Президент — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кеңсесінің басшылары тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасының шешімімен кеңсенің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары тағайындалды, — делінген хабарламада.
Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен Ақорданың бұрынғы баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Елбасының баспасөз хатшысы, Арслан Дандыбаев Елбасы протоколының басшысы, Нұрлан Ыбырайым Елбасы кеңсесінің ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің меңгерушісі, Нұрлан Қаймолдаев кеңсенің құжаттама, қаржы және кадрмен қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі, Асқар Молдағаринов Елбасы кеңсесі басшысы хатшылығының меңгерушісі, Елдар Томашов Елбасы көмекшісі хатшылығының меңгерушісі болып тағайындалды.
Еске салайық, бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаевтың өкімімен Махмұд Қасымбеков Қазақстан Республикасы Президенті кеңсесінің бастығы қызметінен босатылып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы кеңсесінің басшысы болып тағайындалған еді. Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңсесі Ақордадан Назарбаев орталығына көшті.