Басты бетЖаңалықтарҚасым-Жомарт Тоқаевтың...

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістанға жұмыс сапары

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Түркістанда болды. Ол «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің археологиялық және архитектуралық ескерткіштерімен танысып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін аралап көрді. Жергілікті жұртшылықпен кездесті.

Бүгін мен түркі дүниесінің рухани астанасы — Түркістанға тағзым ету үшін арнайы келдім. Осы киелі топырақта сіздермен жүздескеніме қуаныштымын. Түркістан — еліміздің алтын бесігі, мәдениетіміз бен руханиятымыздың символы және бүкіл халқымыздың бойтұмары, — делінген Ақорданың Twitter-дегі парақшасында жарияланған Президент сөзінде.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде Мемлекет басшысына мәдени нысандардың қайта жөндеу мен қорық-музейдің аумағын абаттандыру барысы жөнінде баяндалды.

Сонымен қатар облыс әкімдігінің, басқармалар мен департаменттердің әкімшілік ғимараттары, Конгресс-холл, Медиаорталық, «Ұлы дала елі» орталығы, оқушылар сарайы, туризм колледжі, «Астана» алаңы, әуенді субұрқақ, халыққа қызмет көрсету орталығы және басқа да әлеуметтік-мәдени мақсаттағы нысандар құрылысы барысы туралы есеп берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жұмыс сапары барысында жастардың ресурстық орталығының жұмысымен де танысты.

Еркін әңгімелесу барысында жастар өкілдері Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Жастарға қызмет көрсету», «Еріктілер клубы», «Жас сарбаз», «Тілдер мектебі» атты тақырыптық секторлардың, білім беру саласындағы Stem жобасының, TURKISTAN HUB коворкинг орталығының жұмыстары туралы айтты.

Президент «Отырар» шағын ауданына барып, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан 26 жаңа үйдің құрылысын да көрді. Биыл Түркістанда осы бағдарлама аясында жалпы аумағы 96 200 шаршы метр болатын 1560 пәтер пайдалануға беріледі.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде Қасым-Жомарт Тоқаев қала жұртшылығымен кездесті. Мемлекет басшысы іс-шараға қатысушылардың бәрін Наурыз мейрамымен құттықтап, жаңару мен жаңа өмірдің басталуын сипаттайтын мерекенің рухани бай мұрамыздың жарқын символына, үздіксіз ұрпақ сабақтастығына және Қазақстан халқы бірлігінің негізіне айналғанын атап өтті.

Елбасының биылғы 19 наурызда қабылдаған шешімі мемлекетіміздің болашағына деген шынайы қамқорлықты білдіреді. Осындай сындарлы кезеңде Елбасын және мені қолдаған барша халқыма ризашылығымды айтқым келеді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы өзінің ел Президенті ретіндегі алғашқы сапарының қазақ мәдениетінің, тарихы мен руханиятының орталығы саналатын Түркістаннан басталуының символдық мәні зор екенін айтты.

Елбасының бұл қалаға ерекше мәртебе беру туралы шешімі кездейсоқ емес. Ежелгі Түркістанның жаңғыруы және жаңаруы даму жолымыздың дұрыстығын көрсетеді. Алдағы жұмыстарым туралы және қоғамды толғандырған мәселелерді шешуге байланысты ойымды дәл осы жерде бөліскім келеді, — деді Қазақстан Президенті.

Қазақстан Президенті сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күшейе түсетінін айтып, орынды шағым түскен жағдайда орталық және жергілікті органдардың басшылары тікелей жауап беретінін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметшілердің халықпен тығыз жұмыс істеуі қажет екеніне баса мән беріп, басшылардың халық алдында есеп беру кездесулерінің қазіргі форматын сынға алды. Ол өңір әкімдерінің жылына бір рет есеп беруін көзбояушылық деп атады.

Мемлекет басшысы еңбексүйгіштік пен сіңірген еңбегіне орай марапаттау құндылықтарының идеясы ұлттық идеологиямыздың бастауында тұруы қажет екенін айтты.

Біз азаматтарымыздың, ең алдымен, жастардың жұмысқа орналасуы және кәсіби тұрғыдан өсуіне жағдай жасауға тиіспіз. Шетелде жұмыс істеп жатқандардың әлеуетін елімізде пайдалану мүмкіндігін қарастыруымыз керек. Сонда біз күшейе түсеміз. Сонымен қатар жұмыс табуға ұмтылмайтындардың ішінде әлеуметтік масылдықты қолдауға болмайды. Мемлекет әлеуметтік жағдайы нашарларға көмек көрсететін болады. Қалғандарының бәрі жұмыс істеуге тиіс, — деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Үкіметке бюджетті тек мемлекетіміздің дамуына және қауіпсіздік мақсаттарына қайта бейімдеуді, имидждік іс-шараларға арналған шығындарды азайтуды тапсырды.

Мемлекеттік шығыстардың басты міндеті — қарапайым адамдардың мәселелерін шешу. Ауызсу, баспана, жұмыс орындары, жайлы өмір үшін инфрақұрылым — осылардың бәрі ел тұрғындарын алаңдатады. Міне, біз осы міндеттерді шешеміз. Министрлер мен әкімдердің жұмысын нақты проблемаларды шешу нәтижелері бойынша бағалаймын, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Елбасының «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы бағыттарды одан әрі жүзеге асырудың маңызы туралы айтып, Қазақстандағы Жастар жылын өткізу барысына да ерекше назар аударды.

Осы жиында Қасым-Жомарт Тоқаев Президент ретіндегі негізгі ұстанымдары сабақтастық, әділеттілік және ілгерілеу екенін атап өтті.