Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеудің тиімді жүйесін құру қажет екенін айтып, өңір әкімдеріне еңбек ұжымдарында әлеуметтік қақтығыстардың туындауына жол бермеуді тапсырды.
Жұмысшылардың негізсіз босатылуына жол бермеу керек, — деді Премьер-министр.
Премьер-министрдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Асқар Мамин кәсіпорындарда жұмысшылардың еңбек және әлеуметтік мәселелерін дұрыс шешудің мысалдарын келтірді. Оның айтуынша, көптеген компания Мемлекет басшысының айлығы аз жұмысшылардың еңбекақысын арттыру жөніндегі бастамасына қолдау білдіріп отыр. Осыған байланысты Премьер-министр елдің барлық өңірінде осы тәжірибені белсене қолға алуды тапсырды.
Асқар Мамин Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне Кәсіподақтар федерациясы мен «Атамекен» палатасының бүгінгі отырыста айтқан ұсыныстарын мұқият қарап, ортақ шешім шығаруды да тапсырды.
Үшжақты комиссиялардың жұмыс форматын қайта қарау керек, әсіресе, өңірлерде. Олар белсенді жұмыс істеуі қажет. Бұл орайда формализмге жол беруге болмайды, — деді Асқар Мамин.
Премьер-министр еңбек қауіпсіздігін күшейту жөнінде де тапсырма берді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тиісті мемлекеттік органдармен және кәсіподақтармен бірге бір ай ішінде еңбек қауіпсіздігі бойынша бес жылға арналған кешеді жол картасын әзірлеуі керек.