Нұрсұлтан Назарбаев Астананың бас мешітінің құрылысын бастап берді

Нұрсұлтан Назарбаев Астананың бас мешітінің құрылыс орнына тас қойды.

«ҚазАқпараттың» хабарлауынша, бұл нысан EXPO-қалашықтың жанындағы жаңа саябақ аумағында бой көтеріп, көлемі бойынша Ботаникалық саябақтан да үлкен болады. Астана әкімдігінің мәліметінше, мешіт 30 мың адамға арналған. Оны демеушілер салып жатыр. Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, арнайы қорға түскен қаржыны жинауға қазақстандықтар, соның ішінде кәсіпкерлер де қатысқан.

Ғимараттың жалпы аумағы — 57 мың шаршы метр, биіктігі — 130 метр. 3 500 көлікке арналған ашық және жабық көлік тұрақтары салынады деп жоспарланып отыр.

Астананың бас мешіті
Астананың бас мешітінің жобасы. Фото: Тengrinews.kz

Бұл тек құлшылық ететін орын емес, Астанадағы қала қонақтары мен туристер келетін көрікті нысандардың бірі болады… Мен таяуда Біріккен Араб Әмірліктерінде болып, алтыннан тұрғызылған шейх Заид мешітін көрдім. Бұл мешіт аз ғана жыл бұрын ашылса да, оған жыл сайын алты миллион турист барады… Алла ісімізге береке берсін, — деді Нұрсұлтан Назарбаев тас орнату рәсімінде.

Президент бұл нысанның құрылыс барысын өзі бақылайтынын мәлімдеді. «Астана 2020» қорының атқарушы директоры Нұржан Мыңжасаров журналистерге берген сұхбатында мешіттің тек Орталық Азияда емес, бүкіл ТМД елдеріндегі ең үлкен мешіт болатынын, әлемдегі осындай алып ғимараттардың ондығына кіретінін айтты. Оның сөзіне қарағанда мешіт екі жылда салынып бітеді.

Еске салайық, қазіргі уақытта Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт саналатын Астанадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінің аумағы — 17 700 шаршы метр. Ол 2012 жылдың 6 шілдесінде ашылды.