Қазақстан өнімдері Қытайға интернет арқылы саудаланады

2016 жылдың 3 қыркүйегі күні Шанхай қаласында ҚР мен ҚХР арасындағы индустриалды-инновациялық әріптестікті жандандыру мәселелеріне қатысты Қытай елінің белді бизнесмендерімен Қазақстан-Қытай дөңгелек үстелі өтті. Оған ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев төрағалық етті.

Дөңгелек үстелге ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева, «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев, «Жібек жолы» қорының, Қытай банкінің, Қытайдың мемлекеттік даму банкінің, сондай-ақ ірі қазақстандық және қытайлық бизнес өкілдері қатысты. Кездесу модераторының қызметін «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы Борисби Жанғоразов атқарды.

Қазақстан-Қытай дөңгелек үстелінің аясында «Атамекен» ҚР ҰКП мен Шанхай қаласы халықаралық сауда-саттықтың дамуына жәрдем беру жөніндегі комитетінің арасында һзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Қол қойылған құжаттың шеңберінде ҚР мен ҚХР арасындағы сауда-экономикалық әріптестікті кеңейту мен іскерлік байланысарды тереңдету жоспарланған. Аталған жоспар өзара тиімді жобалар мен стратегиялық инвесторларды іздестіруде әріптестік орнату, қос елдің кәсіпкерлеріне сауда-саттық қызметін жүзеге асыруға көмектесу арқылы іске аспақ.

Сондай-ақ, Ұлттық палата «JUMORE» электронды сауда алаңқайымен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Осы әріптестіктің шеңберінде аталған интернет-алаңқайға Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы туралы, қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған және әлеуетті экспорттаушы кәсіпорындар туралы, сондай-ақ Қытай нарығы мен әлемдік нарықта сұранысқа ие және бәсекеге қабілетті өнімдер туралы мәліметтер орналастыру жоспарлануда.

Айта кетерлігі, Қытайдың халықаралық сауда-саттыққа жәрдемдесу жөніндегі комитеті (ССPIT) – құрамына елдегі сауда-саттық топтары, өнеркәсіп иелері мен өзге де ұйымдардың өкілдері енетін әрі бүкіл Қытайды қамтитын сауда-саттық ұйымы. Оның міндеті – сыртқы сауда-саттықты ынталандыру, алдыңғы қатарлы технологияларды тарту, Қытай мен өзге елдер арасындағы экономикалық және сауда-саттық байланыстарын жандандыруды ынталандыру. Комитет құрамына 70 мыңдай Қытай кәсіпорны кіреді.

«Zhejiang JUMORE E-Commerce Co.,Ltd» компаниясы – «В to В» (бизнес бизнеспен) форматындағы трансшекаралық электронды сауда-саттық мәселелерімен айналысатын алғашқы компаниялардың бірі. Компанияның қызметі трансшекаралық электронды сауда және химия, түсті металл, пайдалы қазбалар, энергетика, болат құю және ауыл шаруашылығы өнімдері салаларына логистикалық қызмет көрсету. «JUMORE» алаңқайында алты орталық бар: қаржылық орталық, өндірістік өнеркәсіпке қолдау көрсету орталығы, логистика орталығы және тағы басқа. Солардың көмегімен Қытайдың өндірістік кәсіпорындарының тапсырыстары жиналып, отандық және халықаралық нарықтарда сауда жасауды шоғырландыру жүргізіледі.