Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов Көрісу күнін ресми мерекеге айналдыруды ұсынды. Бұл ұсынысын ол Премьер-министр Асқар Маминге жолдады.
Депутаттың айтуынша, жыл сайын 14 наурызда еліміздің батысында Көрісу күні аталып өтеді, бұл күні адамдар бір-бірімен көрісіп, кішілер үлкендердің үйін аралайды, оларға сәлем беріп, денсаулық, бейбітшілік пен жақсылық тілейді. Күн шыға сала дастархан жайылып, ақсақалдар бата береді. Қаһарлы қыстан шыққан халық келешекке жоспар құрады. Сәрсенбай Еңсегеновтің айтуынша, бұрын мұндай мереке еліміздің барлық өңірінде болған, бірақ өткен ғасырдың 30-жылдарынан бастап түрлі себеппен бұл дәстүр ұмытылған. Қазіргі кезде Амал мерекесін тойлауға бірлескен кәсіпорындар, шетел азаматтары мен еліміздегі түрлі этностың өкілдері атсалысады.
Көрісу күні жекелеген өңірдің немесе қазақ халқының ғана мейрамы емес. Оның шекарасы кеңейіп келеді, оның қоғамдық өмірдегі ролі артып келеді. Қазір бұл күнді шетелде жүрген азаматтарымыз тойлайды, — деді сенатор.
Сенат депутаты Асқар Маминнен Көрісу күнін еліміздегі мерекелер тізімі қатарына қосуды және осы туралы өзіне жазбаша жауап беруді сұрады.
«Мерекелер туралы» заңға сәйкес елімізде ұлттық, мемлекеттік, кәсіби және басқа да мерекелер тойланады. Кәсіби және басқа да мереке күндері тізімін Үкімет бекітеді. Құрметті Асқар Ұзақбайұлы, халық дәстүрін қолдау мақсатында 14 наурызды Көрісу күні деп белгілеуді ұсынамын және тиісті органдарға нұсқау беруді және жазбаша жауап қайтаруды сұраймын, — деді Сәрсенбай Еңсегенов.