ҚР Ұлттық экономика министрінің тағы бір орынбасары тағайындалды. Бұл туралы Үкімет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Мәди Төкешұлы Тәкиев ҚР Ұлттық экономика вице-министрі қызметіне тағайындалды, — деп хабарлады Премьер-министрдің баспасөз қызметі.
Мәди Тәкиев 1978 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, Д. Қонаев атындағы университетті және Халықаралық бизнес университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 1998 жылы бастаған. Алматы және Алматы облысы бойынша салық департаментінде жұмыс істеді.
2012-2013 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің Салық комитетінің басқарма басшысы, 2013-2014 жылдары Ұлттық экономика министрлігінің салық және кеден саясаты департаментінің директоры қызметтерін атқарды.
2014 жылы ҚР Премьер-министрі кеңсесінің әлеуметтік-экономикалық бөлімінің бас кеңесшісі болып жұмыс істеді. 2014 жылдан 2017 жылға дейін Атырау облысының мемлекеттік кірістер департаментін басқарды. 2017 жылдан бастап ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің салықтық бақылау департаментінің директоры, кейін Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары болды.
Еске салайық, бұған дейін ҚР Үкіметінің қаулысымен Әсет Ирғалиев Ұлттық экономика вице-министрі лауазымынан босатылып, Премьер-министрдің өкімімен Премьер-министрінің кеңсесі басшысының орынбасары қызметіне тағайындалған еді. Ал Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары болып Мәдина Әбілқасымова тағайындалды.