«11 келі салмақ тастадым»

Асқар Базарбай артық салмақтан тағамды аз әрі жиі жеу және спортпен айналысу әдісімен арылған. Ол мұндай режимді 2018 жылдың 16 желтоқсанында бастады.

Сол кезде салмағым 89 келі болды. Содан тамаққа көңіл бөліп, рационымды түбегейлі өзгерттім десем болады. Тамақты екі есеге азайттым әрі таңдап жейтін болдым. Сонымен бірге жаттығу залына барамын, аптасына екі рет зумба билеймін, — дейді ол.

Ол екі ай бойы күніне бес рет тамақтанып, қанттан түбегейлі бас тартқан. Содан кейін ғана 16 сағаттық ашығуды бастаған.

Салмақ тастаудың аптасына 16 және 24 сағаттық ашығу деген түрі бар. Кешкі асты 18.00-де ішіп, кеш жатып, ертесіне аузыңызды тек түскі аста ашып жүрсеңіз, демек сіз интервалдық ашығу дегенді өзіңіз білмей қолданып жүрсіз, — дейді блогер.

Аптасына толық бір тәулік тамақ ішпейсіз немесе кешкі 18.00-ден ертеңгі түске дейін 16 сағат ашығасыз. Бұл тәсілді әуелі аптасына бір рет, кейін екі рет ұстанасыз. Ғалымдар мұндай қысқа ашығу апталап немесе айлап диета ұстаудан әлдеқайда күшті әсер етеді дейді. Егер бұлшықетті сақтап, тек майды кетіру керек болса, онда бұл — ең оңтайлы тәсіл. Ашығудың ең мықты тұсы — қарындағы оңайлықпен кетпейтін майды жояды.

Кәдімгідей түскі ас ішесіз, тек тойып ішпеуіңіз керек. Екі сағаттан соң жеңіл, ақуызы бар бірдеңе жейсіз (дәнек, ірімшік, сүзбе, жұмыртқа, қатық). Кешкі астан кейін келесі күннің түсіне дейін ештеңе жемейсіз, — дейді Асқар. 

Фото Асқар Базарбайдың жеке архивінен

Асқар Базарбайдың айтуынша, ол ашығу кезінде су, шай, кофе іше береді. Тек тәтті шырыннан бас тартуыңызға тура келеді.

Кейіпкеріміз ең бірінші күні 16 сағаттық ашығудың қиын болғанын айтты.

Өзім ашығуды мақтап алып, бірінші күні түске жетпей бір плитка шоколадты қылғытып алғанмын. Артынша түскі ас іштім. Осылайша бірінші күн де өтті, — дейді ол.

Блогер диета, интервалдық ашығу және аптасына үш рет атлетика жаттығуларын жасауды үзбей тоғыз апта ұстанған. Нәтижесінде 11 келі салмақ тастаған.

Бірақ одан кейін диетаны өзгерттім, яғни, «читмил» дегенді қостым. «Читмил» — аптасына бір рет қалағаныңша тамақ жеу. Әрине, бұл тәсіл арықтау қарқынын баяулатады. Бірақ маған керегі де — баяу арықтау. Айына 3 келі салмақ тастасам, жеткілікті. Салмағым 75 келіге жеткенде тағы да өзгеріс енгізіп, біртіндеп арықтаудан салмақ қоспау режиміне көшемін, — дейді Асқар Базарбай.

Фото Асқар Базарбайдың жеке архивінен

Ашығу дені сау адамға зиян емес

Эндокринолог Әйгерім Зейнелқызының айтуынша, аптасына үш күнге дейін ашығу зиян емес:

Егер адам аптасына үш күнге дейін ашыға алса және оның еш жері ауырмаса, онда ағзаға зиян емес. Тек міндетті түрде су ішуі керек, құрғақ ашығуға болмайды. Су ішкенде адам ағзасындағы қалдықтар шығады. Сонымен бірге артық салмақтан арылуы мүмкін. Бірақ ашығу кезінде ең бірінші тазару процесі жүреді.

Ескеретін нәрсе: ашыққысы келген адам созылмалы аурумен ауырмауы керек. Асқазанында жарасы барлар да ашықпағаны дұрыс. Ашығу тек денсаулығы қалыпты, еш жері ауырмайтын адамдарға пайдалы.

Әуелі тәжірибе жүзінде бір күн ғана ашығып көріңіз. Бас ауруы, әлсіздік байқалмаса, екінші аптада екі күн, үшінші аптада үш күн ашығыңыз. Бірден үш күн ашықпай, біртіндеп қосып отырыңыз, — дейді дәрігер.